Бөлшек сауда статистикасындағы "күмән туғызатын" деректер

707

Нақты деректерсіз экономиканың кез келген саласын, соның ішінде сауданы қолдау үшін шаралар қабылдау мүмкін емес. 

Бөлшек сауда статистикасындағы "күмән туғызатын" деректер

Қазақстанда ауылдық жерлерде халықтың 40%-дан астамы тұрады. Десек те, Ұлттық статистика бюросының деректерінде бөлшек сауданың ауылдық жерлердегі үлесі осы жылдың тамыз айында ритейл көлемінің небәрі 7,4%–ын, қаңтар-тамыз айлары бойынша тек 7,7%-ын құрағандығы көрсетілген, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Ресми деректерге сәйкес, халық тығыз орналасқан Түркістан облысының бір тұрғынына шаққандағы орташа чек Алматы қаласы тұрғынының чегімен салыстырғанда 19 есе аз. 8 айдың ішінде Алматының бір тұрғынына шаққанда бөлшек сауда сатылымы 1,34 млн теңгені құраса, ал Түркістан облысының бір тұрғынына 71,5 мың теңге деп көрсетілген.

Ақпаратта көрсетілгендей, бұл динамика уақыт өте келе өзгермей келеді. Мысалы, бөлшек саудадағы ауылдық жерлердің үлесі 2021 жылы 8,3%-ды, 2020 жылы 9%-ды құраған. Мұндай деректер қалалардан тыс жерлерде сауданың нақты көлемі ескерілмейтінін тікелей көрсетеді деп жазылған.

Осы жылдың 8 айының қорытындысына сәйкес, ритейл чектері бойынша ресми өткізілген жалпы көлемде Астана мен Алматыға барлық сатылымдардың 43,6%-ы, ал тамыз айында 45,7%-ы сәйкес келген. 1 тамыздағы жағдай бойынша Алматы мен Астанада республика халқының жалпы санының 17,6%-ы ғана тұрады.

Халық тығыз орналасқан Түркістан облысында барлық қазақстандықтардың шамамен 11%–ы тұрады. Биылғы қаңтар-тамыз айларындағы деректерге сәйкес, бұл өңірде бөлшек саудада тек 1,7% ғана көрсетілген. Яғни бұл статистикамен аймақтағы бөлшек сауданың нақты көлемін бағалау мүмкін емес деп көрсетілген.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу