Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон британиялық депутаттар елдің Еуроодақтан шығуын кейінге қалдыруға талпынған жағдайда жаңа парламент сайлауын өткізуі мүмкін.
Айта кететін жайт, 3 қыркүйекте лейбористік партия және қауымдар палатасындағы басқа да оппозициялық күш өкілдері Ұлыбританияның одақтан шығуын 2020 жылдың 31 қаңтарына шегеруге қатысты дауыс беру процесін өткізбек. Егер де заң жобасы мақұлданса, Джонсон жетекшілігіндегі Ұлыбритания үкіметі мерзімінен бұрынғы парламенттік сайлау процесін бастамақ. BBC агенттігінің хабарлауынша, сайлау 14 қазанға белгіленуі мүмкін.
Бұған дейін Борис Джонсон ешбір жағдайда Брюссельден Ұлыбританияның одақтан шығуын кейінге қалдыруын сұрамайтынын жеткізіп, қалай болғанда да Еуроодақтан 2019 жылдың 31 қазанында шығатынын басып айтқан еді.
Бастапқыда мемлекет ЕО-дан биылғы жылдың 29 наурызында шығатын болып жоспарланған еді. Бірақ ел үкіметінің Брюссельмен жасалған ағымдағы келісімін парламент қолдамағандықтан, Brexit қазанның соңына белгіленді. Келісім жобасын бірнеше мәрте қауымдар палатасында мақұлдатуға тырысқан Тереза Мэй отставкаға кеткен болатын.
Ал тамыздың соңында Джонсон Елизавета II патшайымынан парламент жұмысын тоқтатуды сұрап, монарх бұған келісімін берген.
Ұлыбритания премьер-министрінің бұл әрекетін оппозиция өкілдерімен қатар ЕО-ның бірқатар саясаткері сынға алды.
Табиғат Нұрболат