БҚО Ақсай қаласында он екі селолық округ әкімдігі "Led_real" ЖШС-мен барлығы 68 млн теңгеге көшелерді жарықтандыру жөнінде келісімшарт жасағанын бұған дейін жазған болатынбыз. Белгілі болғандай, бұл келісім-шарттардың барлығына карантин кезінде қол қойылған.
Көтерілген мәселеге байланысты, Бөрлі ауданы әкімдігі әлеуметтік желілерде ресми түрде жауап берді. Айта кетейік, аудан құрамына 12 ауылдық округ және 2013 жылы моноқала мәртебесін алған Ақсай қаласы кіреді. Биыл Бөрлі ауданының құрылғанына 85 жыл толып отыр екен.
"Өткен жылы Ақсай қаласы бойынша 4 көпқабатты тұрғын үйді жарықдиодты пиксельмен безендіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесі тұрғындарға ұнап, басым бөлігі қаланың безендірілуін жақсы қабылдады. Осыған орай, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері аудан орталығында орналасқан көпқабатты үйлерді жарықпен безендіру туралы бастама көтерді. Қаладағы үйлердің қасбеттерін безендіру бастамасын ауылдық қоғамдық келісім кеңестері мен ақсақалдар кеңесі қолдады. 2020 жылғы 11 наурыздағы № 4 аудандық бюджеттік комиссия отырысының хаттамасына сәйкес, 17 көппәтерлі үйді түрлі-түсті жарықдиодты LED-пиксельдермен безендіруге 70 млн теңге бөлінді. Орындалған жұмыстар актісі бойынша 13 млн теңге үнемделді және тиісінше шарт сомасын азайту бойынша қосымша келісім жасалды. Барлық рәсімдер мемлекеттік сатып алу туралы заңнама шеңберінде өткізілді", – деп түсіндіреді Бөрлі ауданы әкімдігі.
Бұдан кейін дәлел ретінде қаладағы жарық жүргізілген жерлердің фотолары берілген. Бұл жұмыс неге карантин кезінде жүргізілді деген сауалға жауап берілмеген.
Құралай Қуатова