Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы Самал бөбекжай-бақшасында таңғы ас кезінде ботқа ішінен жәндік табылып, үш қызметкер жұмыстан босатылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бүгінгі таңда балабақша меңгерушісі, медбике және бас аспаз қызметінен босатылды. Таңғы ас балаларға үлестірілмей, тек тарату алдында анықталды. Әкелінген азық-түліктің жарамдылық мерзімі тексерілді, мерзімі өту фактілері болмады. Бұл жағдай дайын өнімді үлестірер алдында анықталып отыр. Сонымен қатар, видеоны кім түсіргені де анықталуда", – деді Ақтөбе облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова.
Қазіргі уақытта бөбекжайда 210 бала тәрбиеленеді. Оқиғаға байланысты тек білім басқармасы емес, Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан да тексеру жұмыстары басталды.