Ақтау маңында апатқа ұшыраған Embraer ұшағының екі "қара жәшігіне" талдау жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі уақытта талдау нәтижелері Қазақстанның авиациялық оқиғаларды тергеу департаментіне жіберілген. Globo порталының жазуынша, Бразилияда жүргізілген деректер апатқа қатысты қорытынды есепте жариялануы мүмкін.
Бұл мәліметтер Қазақстанның тиісті органдары тарапынан зерттеліп-зерделеніп, апаттың нақты себептері анықталуы қажет.
25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау қаласына 3 шақырым жерде апатқа ұшыраған еді.
Қазақстанның Көлік министрлігі болжамды ақпарат жасап, ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі барын хабарлады. Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы бар екені анықталды. Өкініштісі сол, ұшақтағы ел азаматтары түгелдей қайтыс болған.
26 желтоқсанда Euronews агенттігі Әзербайжандағы дереккөзге сілтеме жасап, ұшақ апатына Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады. Ал Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын және Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеген-ді.
Еске салайық, 30 желтоқсанда Қазақстан құлаған ұшақтың "қара жәшігін" Бразилияға жіберу туралы шешім қабылдаған еді.
Бұған дейін "қара жәшікті" оқуға қанша уақыт кететіні туралы жазған болатынбыз.