16 қазанда өткен алдын ала дауыс беру кезінде БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткер жеті адамның әрқайсысына Қауіпсіздік Кеңесінің кемінде бір тұрақты мүшесі қарсы дауыс берген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Новая газета Европа" басылымына сілтеме жасап.
Коста-Рика өкілі, БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының бас хатшысы Ребека Гринспан көш басындағы орнын сақтап қалды. AFP агенттігінің хабарлауынша, ол тоғыз қолдау дауысын жинап, бес қарсы дауыс алған. Оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері берген екі қарсы дауыс бар.
Аргентина өкілі, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси мен Гайананың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Каролин Родригес-Биркетт те Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінен екі қарсы дауыс алды. Бұл екі үміткер де Бас хатшылыққа үміткерлер арасындағы негізгі кандидаттардың қатарында аталып жүр.
АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Вашингтон Бас хатшы лауазымына ұсынылған жеті үміткердің бәріне қарсы. Бұл – алдын ала дауыс берудің алтыншы кезеңі. Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мүшесінің әрқайсысы үміткерді қолдауға, қарсы дауыс беруге немесе өз ұстанымын білдірмеуге құқылы болды.
Бұл жолы Кеңестің тұрақты және тұрақты емес мүшелеріне арналған бюллетеньдер алғаш рет бөлек қолданылды. Осылайша, вето қою құқығы бар елдердің ұстанымын анықтауға мүмкіндік туды.
Алдын ала дауыс беру кезінде берілген қарсы дауыс ресми вето болып саналмайды. Security Council Report ұйымының түсіндіруінше, елдер келесі дауыс беру кезеңдерінде өз ұстанымдарын өзгерте алады. AP агенттігінің мәліметінше, келесі алдын ала дауыс беру келесі аптада өтеді. Сонымен қатар жаңа үміткерлер ұсынылуы мүмкін.
Қауіпсіздік Кеңесі үміткерді Бас хатшылыққа ұсынуы үшін ол кемінде тоғыз дауыс жинап, Кеңестің тұрақты мүшелерінің ешқайсысының ветосына ұшырамауы керек. Одан кейін кандидатураны БҰҰ Бас Ассамблеясы бекітеді.
Қазіргі Бас хатшы Антониу Гутерриштің екінші бес жылдық өкілеттік мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.