БҰҰ: Украинада соғыс кезінде 9614 бейбіт тұрғын қаза тапты

323

 17 жарым мыңнан астам адам жарақат алды.

БҰҰ: Украинада соғыс кезінде 9614 бейбіт тұрғын қаза тапты Фото: bigmir.net

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының жаңа есебінде Ресейдің толыққанды шапқыншылығы басталғаннан бері Украинада қаза тапқан бейбіт азаматтардың саны қыркүйек айының басында 9 614 адамды құрады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Зардап шеккендердің үштен бірі дерлік Донецк және Луганск облыстарында екендігі атап өтілді.

Бұл ретте БҰҰ-да дәстүрлі түрде тек құжатталған жағдайларды қарастырған, ал негізінде құрбандардың нақты саны айтарлықтай жоғары болуы мүмкін екенін еске салады. Себебі соғыс болып жатқан жерлерден, Ресейдің қол астына өткен елді-мекендерден обьективті ақпарат алу мүмкін емес. 

Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымы Ресей әскери күштерінің әрекеттерін геноцид деп санаудан бас тартқанын жазған едік. БҰҰ-ның Украинадағы заң бұзушылықтарды тергеу жөніндегі тәуелсіз комиссиясының басшысы Эрик Мёсе өзінің және оның әріптестерінің қолында "геноцид қылмысының алдын алу және жазалау туралы конвенцияның заңды талаптарына сәйкес келетін жеткілікті дәлелдері жоқ" екенін мәлімдеді. Мёсе геноцидті мойындау үшін қылмыскерлердің адамдардың "белгілі бір тобын жою" ниетін дәлелдеу керек екенін еске салды. Ал жою "физикалық немесе биологиялық түрде жүргізілуі керек".

18 қыркүйекте БҰҰ Халықаралық соты Украинаның Ресейге қарсы геноцид қылмысының алдын алу және жазалау туралы Конвенцияны бұзу туралы сот ісін қарайды.

Украина билігінің өкілдері Ресейді 2022 жылдың ақпанында басталған кең ауқымды шапқыншылықта геноцид белгілері бар деп бірнеше рет айыптады. Атап айтқанда, олар балаларды Украинадан күштеп шығаруды атап өтті — оған қатысы бар деген күдікпен Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға санкция жариялады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу