Былтыр Ұлттық гвардияның түгел бір батальоны, яғни 150 сарбаз денсаулығына байланысты қызметтен босатылған. Бұл туралы Ұлттық Ұланның бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов мәлімдеді, деп хабарлайды astanatv.kz.
Медициналық комиссия тіпті 5 жауынгерден туберкулездің ашық түрін анықтаған.
"Алдағы уақытта сарбаздарды жұқпалы ауруларға тексеру шараларын күшейту керек", – дейді Жақсылықов.
Сондай-ақ, ол депутаттардан Астана маңында салынуы тиіс әуебаза құрылысын қаржыландыру мәселесін шешіп беруді өтінді.
"2018 жылы Алматыда орналасқан әскери әуе күштерінің бөлімшесін Астанаға ауыстырдық. Авиациялық база құрылысы жалғасып жатыр. Дегенмен, сіздердің қолдауларыңыз бен көмектеріңізді сұрағым келіп отыр. Әуе базасының құрылысы өткен жылы аяқталуы керек еді. Бірақ, қаржыландыру мәселесі әлі толық шешімін таппай отыр. Өткен жылы 2,7 млрд теңге құрылыс жұмыстарына бөлінуі керек еді, ал іс жүзінде бұл сомманың тек 700 млн-ы ғана бөлінді", – дейді Руслан Жақсылықов.