Былтыр елімізде 13,4 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді

466

Жол апатынан 19,5 мың адам зардап шекті. 

Былтыр елімізде 13,4 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді Фото: baq.kz

2022 жылдың қаңтар-қараша айларында елімізде 13,4 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 9,2%-ға артық. Оның ішінде 1,7 мың оқиға қайғылы жағдаймен аяқталды, деп жазады inbusiness.kz Ranking.kz порталына сілтеме жасап.

Тіркелген құқық бұзушылықтардың арасында 11,6 мың жағдайға жүргізушілердің, 378-сіне – жаяу жүргіншілердің, үшеуіне – коммуналдық қызметтердің, ал бір жағдайға жол қызметтері мен мердігерлердің қатысы бар.

Ресурстың жазуынша, жол-көлік оқиғаларының жиі болатын күні – дүйсенбі. Бұдан бөлек жол апаттары сенбі мен сейсенбіде де тіркелген.

Елдегі барлық жол-көлік оқиғаларының 68%-ы күндіз, 19%-ы – ымырт түскен кезде, 12%-ы түнде тіркелген.

Жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) ішінде жаяу жүргіншілерді қағып кету жағдайы жиі кездесті (5 мың оқиға). Одан басқа көлік құралдарының соқтығысуы – 3,2 мың жағдай, көліктердің аударылуы – 1,2 мың жағдай, кедергілерге соғылу – 514 жағдай, жолаушылардың құлауы – 339 жағдай.

Республика бойынша ЖКО-ның басым бөлігі Алматыда тіркелді: 3,5 мың апат. Антилидерлердің үштігіне Алматы (1,9 мың жағдай) және Жамбыл (1,4 мың) облыстары кірді. Жол-көлік оқиғаларының ең аз саны Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарында тіркелді.

Түркістан облысында тіркелген жол апаттарының басым бөлігі қайғылы жағдаймен аяқталды (өңірдегі ЖКО жалпы санының 37%-ы). Одан кейінгі орындарда  Қарағанды (33,9%), Ұлытау (33,3%), Абай (29,8%) және Қызылорда (23,4%) облыстары бар.

2022 жылдың 11 айында елде жол-көлік оқиғалары салдарынан 19,5 мың адам зардап шекті. Бұл 2021 жылға қарағанда 9%-ға көп. Оның ішінде 17,3 мың адам (9,6 мың ер адам, 7,7 мың әйел) жарақат алып, 2,2 мыңы (1,7 мың ер адам, 568 әйел) қаза тапты.

Өңірлік бөліністе жол апатынан ең көп зардап шеккендер Алматы қаласы (4,1 мың адам), Алматы (3,1 мың адам) және Жамбыл облыстарында (2,3 мың адам) байқалды.

"Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының жедел деректеріне сәйкес, 2023 жылдың алғашқы 3 күнінде жол апатынан 116 адам зардап шекті. Оның ішінде 26-сы бала, үшеуі – жүкті әйел. 76 адам ауруханаға жеткізілді, 9-ы қаза тапты", - делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу