Былтыр Қордай ауданында жол апатынан 54 адам қаза тапқан

1258

Жамбыл облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 194,0 шақырымды құраса, оның Қордай ауданы арқылы өтетіні – 308 шақырым. 

Былтыр Қордай ауданында жол апатынан 54 адам қаза тапқан Фото: Досжан Балабекұлы

Қордай ауданындағы республикалық жолдың жағдайы көпті алаңдатып отыр. 2023 жылы Қордай ауданы аумағында 238 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 54 адам қаза болса, оның 168-і республикалық маңыздағы жолдарда орын алып, 46 адам қайтыс болған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жалпы Жамбыл облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 194,0 шақырымды құраса, оның Қордай ауданы арқылы өтетіні – 308 шақырым. 

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбековтың айтуынша, Жамбыл облысына жұмыс сапары кезінде ең көп көтерілген мәселенің бірі – осы жолдың жағдайы. 

"2024 жылдың қаңтарында Жамбыл облысына барған жұмыс сапары шеңберінде өңірдің маңызды нысандарында болып, жергілікті маслихат депутаттарымен және аудан әкімдігімен кездесулер өтіп, республикалық деңгейде шешуді талап ететін бірқатар мәселелер көтерілді. Солардың бірі – 160 мың халқы бар Қордай ауданындағы республикалық жолдың жағдайы. Жол апатының алдын алу мақсатында аудан әкімдігімен және аудандық полиция бөлімімен профилактикалық шаралар күнделікті жүргізілуде. Соған қарамастан, жол-көлік оқиғалары көп тіркелуде. 
Жүргізілген талдауға сәйкес, жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің жылдамдықты асыру және түнгі уақытта ұйықтап кетуінің салдарынан ғана емес, республикалық маңыздағы жол учаскелерінің қауіпті аумағындағы табиғи және табиғи емес факторлардың (жолдың жағдайы, оны ескертетін жол белгілерінің болмауы, қауіпті учаскелерде жарықтандырудың жоқтығы, ауа райы салдарынан құлаған-сынған талдардың уақытылы тазаланбауы, қолайсыз ауа райында жолды күтіп ұстау жағдайы, қураған ағаштардың кесілмеуі, интернет желісінің ұстамауы және тағы басқа) себебінен де орын алғаны анықталуда", - дейді сенатор.

Бекболат Серікбекұлының сөзіне сүйенсек, республикалық маңызы бар 18 шақырымды құрайтын Қарасу-Өтеген ауылдарының аралығындағы жолдың жағдайы да (шұңқыр, ойықтар) мүлдем нашар болғандықтан күрделі жөндеуді қажет етеді. 

Республикалық маңызы бар аталған автомобиль жолы Сортөбе және Ауқатты ауылдарындағы кеден бекеттеріне дейін барғандықтан күнделікті жеңіл көліктерден басқа жүк көліктері де жиі қатынайды екен. Сортөбе кеденінен жылына 400 000 астам, Ауқатты кеденінен 250 000 астам көлік өтеді. Сонымен қатар, Бекболат Орынбеков бұл жол бағытымен 65 мыңдай халқы бар 14 ауылдың тұрғындары өтетінін айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу