Былтыр Павлодар қалалық сотына түскен талап-арыздардың екі пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралған

964

Былтыр Павлодар қалалық сотына түскен талап-арыздардың екі пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралған

2016 жылы Павлодар қалалық сотына тұрғындар тарапынан 22 мыңнан астам талап-арыз түскен. Оның ішінде екі пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы қалалық соттың судьясы Нұржан Әбдікәрімов агенттік тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

"Өткен бір жыл ішінде қала тұрғындарынан 22 мың 375 талап-арыз түсті. Оның 500-і қазақ тілінде қабылданып, 485-іне сот шешімі шықты. Өздеріңіз көріп отырғандай, Павлодар тұрғындарының 98 пайызы мұндай арызды орыс тілінде жазып келеді. Бұған азаматтарға алғашқы құқықтық көмек көрсеткен заңгерлер мен қорғаушылардың қазақ тілін білмеуі себеп болуда. Сондықтан олар арызды да ресми тілде жазып береді. Біз алдымызға келген істі қарар кезде шағымданушыдан істі қай тілде жүргізу ыңғайлы екенін сұраймыз. Көбі ресми тілді таңдап жатады. Біз арызданушының талап-тілегін орындауға міндеттіміз. Егер азаматтар талап-арыздарын мемлекеттік тілде жазып, істі соңына дейін мемлекеттік тілде жүргізуді талап ететін болса, судьялардың барлығы қазақ тілінде жұмыс істейтін еді. Мәселен, өз тәжірибеме сүйенер болсам, судьялық міндетті атқарып жүрген үш жылдың ішінде алты-жеті істі ғана шағым иесінің рұқсаты бойынша мемлекеттік тілде жүргіздім", - дейді Нұржан Әбдікәрімов. Оның айтуынша, Павлодар облысында 160-тан астам судья бар. Олардың жартысынан көбі мемлекеттік тілді меңгерген. Арасында өзге ұлттың өкілдері де болғандықтан, олар істі ресми тілде жүргізеді. Айта кетейік, өткен жылы мемлекеттік тілде арызданушылардың көбі еңбекақы өнідіріп алу, жұмысқа қайта орналасу, неке бұзылғаннан кейінгі мүлікті бөлісу және кәмелеттік жасқа толмаған балалардың алиментін төлету секілді мәселелер бойынша жүгінген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу