Атырауда облыстық білім басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды деген айыппен жеті жылға сотталды. Ол сыбайластарымен бірге жалпы сомасы 111 млн теңге қаржыны қолды қылып, оның 54 млн теңгесін өзі иеленген, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Атырау облыстың білім басқармасы басшысының орынбасары қызметіндегі Толғанай Көлбаеваның үстінен іс қозғалып, қалалық уақытша оқшаулау мекемесіне қамалғаны жөнінде биылғы шілде айында-ақ белгілі болған еді. Содан бері тергеу амалдары құпия ұсталған еді.
Белгілі болғандай, сотталушы 2015 жылдан 2020 жылға дейінгі уақытта өзінің қызметін пайдалана отырып, сыбайласымен бірге 111 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырған. Оның 54 миллион теңгесін тікелей Көлбаева иеленіп, өзінің және анасының есеп кәртішкелеріне аударып отырған. Анықталғандай, қылмыстық топ жалған іссапар шығындары, өткізілмеген іс-шаралар үшін қаражат бөлген, сондай-ақ қашықтықтан оқыту тұсындағы оргтехника сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берген.
Сот Толғанай Көлбаеваны жеті жылға соттау жөнінде үкім шығарды, ол орташа қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтемек. Алайда оның кәмелетке толмаған жас балалары болуына байланысты үкімді орындау мерзімін бес жылға шегерілген. Сондай-ақ, Көлбаеваның мемлекеттік қызметте қызмет етуіне өмір бойына тыйым салынды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Сондай-ақ экс-шенеуніктің өзі айыбын мойындап, қазынадан жеген ақшасын толығымен қайтарған.
Құралай Қуатова