"Capital Bank Kazakhstan" салымшылары ақшасын ертеңнен бастап ала алады

959

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) "Capital Bank Kazakhstan" АҚ салымшылары кепілдік берілген өтемді 2021 жылдың 3 шілдесінен бастап, 2022 жылдың 3 шілдесіне дейінгі аралықта ала алатынын жария етті.  

"Capital Bank Kazakhstan" салымшылары ақшасын ертеңнен бастап ала алады

Агент банк ретінде "Еуразиялық банк" АҚ таңдап алынды, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Еске сала кетсек осыдан бір апта бұрын Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры лицензиясынан айырылған "Capital Bank Kazakhstan" салымшыларына үндеу жолдаған болатын. Одан бір күн бұрын 2021 жылдың 24 маусымында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Capital Bank Kazakhstan" АҚ-ны барлық банк операцияларды жүргізуге берілген лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған еді. 

"Capital Bank Kazakhstan" АҚ депозиттерінде, ағымдағы шоттарында және төлем карточкаларында ақшалары бар жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер кепілдік берілген өтемді алуға құқылы. Кепілдік берілген өтемді төлеуге өтініштер қабылдау және өтем төлеу операциялары агент банктің бөлімшелерінде жүргізіледі. "Capital Bank Kazakhstan" АҚ филиалдарының тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында орналасқандығына қарамастан, салымшыларға ыңғайлы болуы үшін агент банк өтініштерді Қазақстанның басқа да елдімекендерінде қабылдайды. Агент банктің филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары және жұмыс істеу тәртібі туралы ақпарат Еуразиялық банктің www.eubank.kz ресми сайтында және банктің анықтама қызметінде мына телефон нөмірлері арқылы қолжетімді: +7 (727) 332 77 22, +7 (771) 000 7722, +7 (700) 000 7722, +7 (702) 010 7722", - деп хабарлайды қордан.

2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша эпидемиялогиялық ахуалға сәйкес Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары "қызыл" аймаққа енгізілді. Сондықтан агент банктің осы қалалардағы бөлімшелері алдағы демалыс (мереке) күндері жұмыс істемеуі мүмкін. Бұл ретте салымшылар өтем алу үшін басқа кез келген күндері өтініш бере алады.

ҚДКБҚ салымшыларға агент банктің бөлімшелеріне барудан алдын, оның сайты арқылы бөлімшелердің жұмыс істеу тәртібі және қаншалықты жұмысбасты екендігін алдын ала біліп алуға кеңес береді.

Өтемді алу үшін салымшы өтініш толтырып, жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі қажет. Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш берсе, онда құқық белгілеуші құжаттар ұсынылады. Мысалы, нотариус куәландырған мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе сенімхат. Кепілдік берілген өтем салымшыға оның құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді.
Салымшылар кепілдік берілген өтемді өздеріне ыңғайлы тәсілмен: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен, сол агент банкте банк шотын (карточка) ашу немесе кез келген басқа банкке аудару арқылы алуға құқылы. Бұл ретте агент банк төлем алуға өтінішті бөлімшеге келмей-ақ, www.eubank.kz сайтында онлайн түрінде беруге кеңес береді. Кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтініш бланкісін тікелей агент банктен алуға немесе ҚДКБҚ сайтынан (www.kdif.kz) электронды нұсқасын жүктеп алып, алдын ала толтыруға болады.

Аян Бекенұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу