Талдықорған қаласында марқұм Шерзат Полаттың ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сотталушының бірі Дархан Әскентай қайғылы оқиға болған күні не болғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін Дархан Әскентай Шерзаттың өзін не үшін ұрғанын айтып бергенін жазған болатынбыз.
"Қаржаубай екеуміздің арамызда "ақшаңды төлеп беремін, ешкімді шақырма, ұрма-соқпа" деген әңгіме болған жоқ. Мен досыма звондадым. Ол келгеннен бастап "аға" дегеннен басқа ештеңе деген жоқ. Нұрбол "неге сіздер жедел жәрдем шақырмайсыздар" деді. Бұл жерде ақша туралы әңгіме болған жоқ. Ол толықтай төлеген жоқ деп Нұрболға да, маған да айтпаушы еді. Өйткені сол күні мен ол кісіге чекті де көрсеттім. Мен ақшаны төлемесем, ол жерге қайта айналып бармаушы едім. Нұрболға "мен ақшасын төлегем, чегін де көрсеткем" деп айттым", - деді сотталушы Дархан Әскентай.
Дархан Әскентайдың сөзінше, ол айыпталушылардың арасында тек Нұрбол Тоқтаубаевпен ғана таныс болған.
Айыпталушы Шерзат пен Нұрғанатқа соққы жасамағанын, төбелеске қатыспағанын айтты.
Сотталушы тараптың адвокаты "Қаржаубай Нұрымов сізді бөтелкемен ұрды ма? Сотта берген жауаптармен келісесіз бе?" деген сұрақ қойды.
"Ол жағдайға келіспеймін. Қаржаубай екінші рет пышақпен шыққан кезде менің қолымда сыраның бөтелкесі болған жоқ. Ол кісінің жауабына мен толықтай келіспеймін", - деді айыпталушы Дархан Әскентай.
Адвокаттың бірі "Оқиға болған күні Нұрғанаттың қолында мылтық болды ма?" деп нақтылады.
"Нұрқанаттың қолында мылтық болды. Ол екі мәрте оқ атты. Мен оны өзім көрдім. Қай жерден алып шыққанын білмеймін. Біріншісінде қорқытамын деп атты. Екіншісінде балалардың артынан жүгіріп барып, "атамын, тоқтаңдар" деп атты. Мылтық атылды. Сол кезде бір бала құлап қалғанын көрдім. Бір балаға оқ тиіп кетті ме деп ойладым, шошым кеттім", - деді ол.
Айыпталушы өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.