Бұл сұрақ халыққа медициналық көмек көрсету сапасы бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құзырлы органдарға қойылды, деп жазады inbusiness.kz.
"Мен алдымен осы мәселелердің дұрыстығын түсіндіргім келеді. Егер біз медициналық көмек көрсету процесін негізге алатын болсақ, Денсаулық сақтау министрлігі бұйрықтар, нормативтер және клиникалық хаттамаларды бекіту арқылы медициналық көмек көрсету саясаты мен ережелерін анықтайды. Емдеу диагностикасының хаттамаларын сақтау медициналық көмекті ұйымдастырушы ретінде бас дәрігердің жауапкершілігіне кіреді. МӘМС бұл қызметтің төлемін жүргізеді. Егер сізге медициналық қызмет көрсетуден бас тартатын болса немесе оны күту мерзімі 10 күннен асып кетсе, дәрігер бұл медициналық көмекті басқа жеткізушілер арқылы қамтамасыз етуі тиіс. МӘМС қорының 2 мыңнан астам әлеуетті орындаушысы бар", – деді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджан.
Қор өкілі мұндай жағдайда емхана белгілі бір маманнан кеңес алудың басқа баламалы нұсқасын ұсынуы тиіс екендігін айтады. Бұдан бөлек спикер медициналық көмекті ұйымдастыру мерзімі мен қолжетімділікті қамтамасыз ету сұрақтары бас дәрігердің құзырындағы мәселе дейді.
Ал ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Күләйым Біржанова жалпы тәжірибе дәрігерінің қабылдауында болмай-ақ бейінді мамандарға баруға болатын жағдайларға тоқталды.
"Азаматтардың өтініштерін ескере отырып, министрлік осы жылдың сәуір айынан бастап нормативтік-құқықтық база әзірледі. Бұл амбулаториялық-емханалық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету ережесі. Мұнда жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету көзделген. Пациент бірден бейінді мамандарға бара алатын 9 жағдай бар. Оларға жарақат алу (оның ішінде офтальмологиялық, онкологиялық, отоларингологиялық), шұғыл және жоспарлы көмек көрсету, тіркелген жері бойынша акушерлерге, гинекологтарға қабылдау, сондай-ақ онкологиялық ауруға қатыстыкүдік, жастар денсаулығы орталықтарына қызметтер алу және т. б.", – деді спикер.