"Шиеленістер жылдың алғашқы айларында шарықтау шегіне жетті. Соның салдарынан алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша банктерде депозит базасы 2,3%-ға түсіп кетті. Оның тоқсандық даму серпінінің бұлайша төмендеуі соңғы бірнеше жылда тұңғыш рет орын алды. Дегенмен кейінгі тоқсандарда қайта қалпына келіп, өсе бастады. Соның арқасында халық салымдарының жылдық өсімі 3,5 трлн теңгеге немесе 26,1%-ға артты. Сөйтіп бұған дейінгі жылдардағы даму серпінімен қатарласты. Осылайша 2022 жылдың соңына қарай жеке тұлғалардың ДКБЖ-ге қатысушы банктердегі депозиттерінің жиынтық көлемі 2022 жылдың соңына қарай 16,9 трлн теңгеге жетті", – деп хабарлады Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.
Теңгелік жинақ салымдар бойынша кепілдік көлемін арттыру, нарық жағдаятының өзгеруіне қарай депозит нарығында мөлшерлемелерді дер кезінде көтеру секілді мемлекеттік тұрғыда қабылданған шаралар депозит нарығының беріктігі мен тұрақтылығын сақтауға септігін тигізді. Халықтың теңгелік салымдарын қолдау бағдарламасының іске қосылуы өршіген инфляцияның ықпалын залалсыздандырып, салымдар құнының сақталуын қамтамасыз етті. Одан басқа, бұл шаралар кешенді түрде соңғы бірнеше жыл ішінде салымдардың долларлану деңгейін барынша төмендетуге (33,9%) мүмкіндік берді.
"Қаржы нарығындағы ахуалды тұрақтандыру мақсатында отандық реттеуші базалық мөлшерлемені 2022 жылы 6 рет көтеріп, жалпы алғанда 7,0 п.т.-қа арттырып, 16,75%-ға жеткізді. Базалық мөлшерлеме өскен соң, Қор ізінше шекті (максималды) сыйақы мөлшерлемелерін өсу жағына қарай қайта қарап отырды. Айталық, 2022 жылы депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер ақша нарығындағы жалпы құбылыстарға сай, 19 рет қайта қаралды", – деп хабарлады Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.
Қор дерегінше, депозиттер бүгінде халық үшін ең сенімді және ең тұрақты инфестициялау құралына айналған.