Ауыл шаруашылығы саласын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Бүгінде мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп те жатыр. Десек те, аграрлық сектордың әлеуетін толық аштық деп айта алмаймыз. Қазақстанның ауыл шаруашылығында дәстүрлі бағыттардан бөлек тағы қандай жаңа салаларды дамытуға мүмкіндік бар? Болашағы бар салалар қайсы? Осы тақырып төңірегінде Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевтың пікірін білдік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өсіп келе жатқан геосаяси тұрақсыздық, климаттың өзгеруі және логистикалық тізбектердің осалдығы дәуірінде азық-түлік қауіпсіздігі әлемдегі көптеген мемлекеттер үшін негізгі басымдылыққа айналып отыр. Сондықтан да, қазіргі кезеңде аграрлық секторды әртараптандыру, жаңа технологиялар енгізу және жоғары қосылған құны бар өнімдер өндіру маңызды бағыт болып отыр. Қазақстанда дәстүрлі ауыл шаруашылығымен қатар агробизнестің жаңа бағыттары да дамып келеді. Атап айтсақ, ЭКО Глейд толық циклді заманауи саңырауқұлақ фермасы іске қосылды, оның инвестиция көлемі шамамен – 11,3 млрд теңге. Кәсіпорын СЭЗ Қызылжар аумағында орналасқан. Жылына 2 400 тоннаға дейін шампиньон өсіріп-өңдейді", – деді депутат.
Серік Егізбаев дамытуға болатын жаңа бағыттар мен болашағы мол салаларды жеке-жеке бөліп қарастырды. Біріншісі – органикалық ауыл шаруашылығы. Мәжіліс депутатытың сөзінше, дүние жүзінде экологиялық таза өнімге сұраныс жыл сайын өсіп келеді.
"Еуропа мен АҚШ нарығына экспорт жасау мүмкіндігі жоғары. Мысалы, Қазақстанда органикалық өнім (бидай, зығыр, соя, бұршақ, дәрілік өсімдіктер) ЕО елдеріне экспортталып жатыр. Қазақстан Еуропа үшін "табиғи өнім жеткізушісі" бола алады. Перспективалы өнімдер ретінде жасымық, зығыр, органикалық көкөністер мен дәрілік өсімдіктерді атауға болады. Айта кетерлігі, Қазақстан жасымық экспорты бойынша әлемде 6-орында тұр және оны одан әрі дамытуда үлкен әлеуетке ие. Бұрын біз оны Түркияға шикізат ретінде экспорттап, оны қайта жарма түрінде жоғары бағамен сатып алатынбыз. Қазіргі уақытта Қостанай, Ақмола және Абай облыстарындағы кәсіпорындардың іске қосылуы нәтижесінде ішкі нарық толық қамтылып, бүгінде дайын өнім экспортталуда", – деп атап өтті ол.
Екінші бағыт – аквамәдениет (балық шаруашылығы). Қазақстанда табиғи су ресурстары мол болғанымен, балық өндірісі әлеуетіне толық жеткен жоқ. Сарапшылардың пікірінше, аквамәдениет импортты алмастырып, экспорттық өнім бола алады және бұл бағыт ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, деді Серік Егізбаев.
Халық қалаулысы келтірген мәліметтерге сүйенсек, елде жылдық қуаты шамамен 120 мың тонна болатын 72 балық өңдеу зауыты бар. Оның ішінде 20 нысан Еуроодаққа экспорттауға сертификатталған. Қазақстан балық өнімдерін Германия, Нидерланды, Ресей және Қытайды қоса алғанда, 21 елге экспорттайды.
"Жылыжай шаруашылығы (интенсивті көкөніс өндірісі). Қазақстанда климаттың суық болуы жылыжай өндірісін стратегиялық бағытқа айналдырады.
Жоғары маржалы дақылдар. Елімізде дәстүрлі бидай өндірісінен басқа пайдасы жоғары дақылдарға көшу тренді байқалады. Перспективалы бағыттар ретінде майлы дақылдар (рапс, күнбағыс), бұршақ дақылдары, зығыр, соя, мал азығы дақылдарын атауға болады. Бұл өнімдерге Қытай, Түркия, Иран сияқты елдерде сұраныс жоғары.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу. Сарапшылар Қазақстан үшін негізгі мәселе шикізатты емес, дайын өнімді экспорттау екенін атауда. Перспективалы бағыт – ет өңдеу (шұжық, жартылай фабрикат), сүт өнімдері (ірімшік, құрғақ сүт), астық өңдеу (макарон, крахмал), өсімдік майлары.
Агроэкотуризм. Қазақстанда ауыл туризмі – ауыл экономикасын әртараптандырудың маңызды тәсілі. Ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламаларында бұл бағыт та қамтылған. Мысалы, этноауылдар салу, ферма туризмі, жылқы туризмі, аңшылық және балық туризмі бағыттарын дамытуға болады. Бұл ауыл халқының табысын арттыруға ықпал етеді.
Баламалы мал шаруашылығы. Еліміздің дәстүрлі мал шаруашылығынан бөлек жаңа нишаларды дамыту мүмкіндігі мол. Мысалы, түйе шаруашылығы (шұбат, түйе сүті), марал шаруашылығы (панты өнімдері), ешкі сүті өндірісі, жылқы етінің экспорттық өндірісі т.б. Бұл өнімдер экологиялық және дәстүрлі бренд ретінде әлемдік нарықта сұранысқа ие", – деп атап өтті спикер.
Депутаттан Қазақстанда ауыл шаруашылығының қандай бағыттары толық пайдаланылмай отырғанын анықтап білдік.
"Сөзіңіздің жаны бар, Қазақстан ауыл шаруашылығы әлеуеті өте жоғары елдердің бірі саналғанымен, көптеген сарапшылар аграрлық сектордың мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отырғанын айтуда. Мәселен, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде суармалы егіншілік үлкен әлеуетке ие, бірақ қазіргі уақытта оның мүмкіндігі толық іске асқан жоқ. Негізгі себептері – суару жүйелерінің ескіруі, су шығындарының жоғары болуы, және су үнемдейтін технологиялардың баяу енгізілуі, су ресурстарын тиімсіз пайдалану т.б. Ирригациялық жүйелерде су жоғалту деңгейі шамамен 40% құрайды. Үкімет бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 25% дейін азайтуды мақсат етуде", – деп атап өтті Серік Егізбаев.
Депутат Қазақстан жайылым көлемі бойынша әлемдегі ең ірі елдердің бірі болғанымен, бұл ресурс толық пайдаланылмай отырғанын айтады. Оған себеп – шалғай жайылымдардың инфрақұрылым әлсіздігі, су көздерінің жетіспеуі т.б.
Мәжілісмен елімізде спутниктік мониторинг, дрондар секілді т.б. цифрлық технологиялар енді ғана енгізіліп жатқанын, олардың өнімділікті 10–15% арттырып, су тұтынуын 25% азайта алатынын жеткізді.
Серік Егізбаев ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесі бүгінде бірнеше бағыт бойынша шешіліп жатқанын баса айтты. Атап айтқанда, институционалдық, экономикалық, технологиялық және экологиялық шаралар қолға алынған.