Депутат Ермұрат Бәпи орыс тілі ұйымы Қазақстанға не үшін керегін түсіндірді

303

Мәжіліс орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялады.  

Депутат Ермұрат Бәпи орыс тілі ұйымы Қазақстанға не үшін керегін түсіндірді Фото: Данира Искакова

Құжат Сенатқа жолданады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің сөзінше, мәселе орыс тілін қолдауда емес, орыс тілі қоғамын құру жөніндегі мәселені қозғау керек. Халық қалаулысы заңды дұрыс түсінуге шақырды. 

"Бұл сөзімді қоғам түсіністікпен қабылдайды деп ойлаймын.  Мынау сыртқы саясатқа байланысты тәмсіл бар. Мысалы, саясат деген соншалықты нәзік дүние. Бұл ратификациялық заң жобасы орыс тілі мәселесінен бұрын елдің сыртқы саясатын күйттейтін құжат деп қабылдау керек. Осы мәселемен айналысатын құзырлы орган қоғамға мәймөңке сөз, құрғақ дидактика айту қажет емес. "Ойбай, қолдауымыз керек" деген сөз қоғамға өтпейді. Біз қоғамға "Қазіргі теңселіп тұрған геосаяси жағдайда Қазақстан Республикасы президентінің сыртқы дипломатиялық саясаты тұрғысында түсіну керек" деп турасын айтуымыз керек. Біз тілді қолдаймыз дегенді ала-құла қоғам қабылдамайды. Қазақстанда орыс тілінің проблемасы жоқ. Қазақ тілінің проблемасы бар. Әрбір отбасыдан, балалар бақшасынан бастап біз орыстың тіліне зерекпіз, қазақтың тілі емен есікті кеңселердің ішінде көп қолданылмайды. Сондықтан біз қоғамға ашығын айтуымыз керек",  деді ол.

Сөзінше, бұл халықаралық ұйымның құрылуы Қазақстан үшін тіл мәселесі емес, сыртқы саясатқа қатысты өте маңызды мәселе болмақ.

"Қорыта келгенде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы дипломатиялық саясатына дес беріп, мен осы заңды қолдаймын. Қоғам да осылай түйсініп, бұл халықаралық қорға түсініктікпен қарайды деп ойлаймын", – деді Ермұрат Бәпи.

Айта кету керек, осыған дейін орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымға Қазақстан бюджетінен 43 млн теңге бөлінетінін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу