Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымға Қазақстан бюджетінен 43 млн теңге бөлінеді

338

Бұл халықаралық ұйымның жалпы бюджетіндегі Қазақстанның мүшелік жарнасы – 8,6 пайыз. 

Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымға Қазақстан бюджетінен 43 млн теңге бөлінеді Фото: inbusiness.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында халықаралық орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымға қатысты толығырақ түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Алты мемлекеттің бесеуі ратификациядан өткізді. Шыны керек, біз ең соңында қалдық. Қажетті бүкіл процедурадан өткізіп, бірден ратификация процесін бастап кеттік. Ұсыныс 2021 жылы жасалды. Өткен жылдың соңында қол қойылды. Биыл алты мемлекет ратификация процестерін бастады. Ұйым орыс тілін халықаралық сахнада, мемлекетаралық ұйымдарды ілгерілету мақсатын көздейді",  деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тілшілердің сауалына берген жауабында.

Министр БҰҰ-ның алты жұмыс тілі бар екенін еске салды. Оның ішінде орыс тілі де кіреді.

"Бесеуінің арнайы ұйымдары бар. Орыс тілін ілгерілету бағытында ондай халықаралық ұйым болмаған", - деп атап өтті спикер.

Тілшілер ведомство басшысынан "Орыс тілі дамымай жатыр ма?" деп нақтылады.

"Жоқ, дамып келе жатыр. Қазір дүние жүзінде 200 миллионнан астам адам орыс тілінде сөйлейді. Қолданыс тілі бойынша сегізінші орында тұр. Халықаралық ұйымдарда қолданылуы бойынша алтыншы орынға ие. Бірнеше ірі халықаралық ұйымдардың жұмыс тілі болып саналады. Ұйымның штаб-пәтері Сочи қаласында орналасатын болады. Үш сатылы басқару механизмі болады. Жоғарысында министрлік конференция, оған біздің министрлік, мен өзім де кіретін боламын. Сосын біз министрлермен ұжымдық шешім қабылдап, басқарушы кеңесті тағайындайтын боламыз және хатшылық та болады",  деді Саясат Нұрбек.

Министрдің сөзінше, бұл халықаралық ұйымның жалпы бюджетіндегі Қазақстанның мүшелік жарнасы 8,6 пайыз болады.

"Бұл жылына шамамен 43 млн теңге. Республикалық бюджеттен бөлінеді. Заңнамаға сәйкес, халықаралық ұйымдардағы біздің мүшелілігіміздің қаржысы республикалық бюджеттен төленеді. (...) Ресми процедуралар біткеннен кейін, толыққанды ратификация заңына Президентіміз қол қойғаннан кейін осы алты елдің бүкіл министрі жиналып, бұл қоғам қалай жасай істейтіні туралы шешімдер қабылдайды. Келесі жылдың басында негізгі шаралар басталады. Ақшаны әр ұйым сол шарт бойынша бюджетіне құяды. Айтып кеткенімдей, Қазақстанның үлесі – 43 миллион теңге. Көп емес. Жай ұйым болып қала ма, қалмай ма – сол мемлекеттердің және басқарушылық кеңестердің жұмысына қатысты болады. Жаңа ұйым құрылғаннан кейін көреміз қалай жұмыс істейтінін,  деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Ведомство басшысы орыс тілін дамыту жөніндегі халықаралық ұйымға Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Ресей және Тәжікстан кіретінін жеткізді.

Айта кету керек, осыған дейін орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құрылатынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу