Депутат орман шаруашылығы қызметкерлерінің бәрінің айлығын 100%-ға көтеруді ұсынды

430

Халық қалаулысы бұл саладағы қызметкерлерді бөліп-жармауға шақырды.

Депутат орман шаруашылығы қызметкерлерінің бәрінің айлығын 100%-ға көтеруді ұсынды Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев орман шаруашылығында еңбек ететіндердің бәрінің жалақысын 100%-ға арттыруды ұсынды, деп жазады inbusiness.kz.

"Абай облысында орман өрті болып, ондаған азаматымыздан айрылған соң, Экология министрі "орманшылардың жалақысы үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап өседі" деп ақпарат құралдарынан ақтарылып сөйледі. Күн сайын өмірін болмашы жалақы үшін бәйгеге тігіп жүрген мамандар қуанды. Бірақ қуаныштары ұзаққа бармады. Себебі, Үкімет бұл саладағы қызметкерлердің тең жартысын "ұмытып кеткен", - деді депутат Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында.

Халық қалаулысының сөзінше, осы шілдеден бастап жалақысы өскендердің қатарында "Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі" мекемелердің басшылығы мен бірқатар мамандары ғана кірген. 

"Бірақ осы мекемедегі өрт сөндіру станциясының сарбаздары, трактор жүргізуші, автокөлік жүргізуші, өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі, тұқымбақ жұмысшылары, радио байланыс операторы, автокөлік жөндеуші, ағаш құлатушы, қарауылшы, кіші қызметкер, бас есепші, экономист, есепші-кассир, заңгер, механик, шаруашылық меңгерушісі, кадр маманы, іс жүргізуші лауазымдарындағы қызметкерлердің айлығына көк тиында қосылмай қалды. Үкімет тағы біреуді ұмытып кетпесін деп әдейі бүкіл қызметтің атауын тізім шықтым", - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Бұдан бөлек депутат орман шаруашылығындағы техникалар әбден тозғанын да тілге тиек етті.

"Орман шаруашылығындағы қызметкерлерді бөліп-жармай, еліміз бойынша "Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі" мекемелерде қызмет ететін мамандардың бәрінің айлығын дереу 100 пайызға көтеру керек. Орманшыларға қажетті материалдық-техникалық базаны 100 пайызға жаңарту керек", - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу