Депутаттар "Болашақ" бағдарламасына өзгерістер енгізуді ұсынбақ

771

Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек "Болашақ" бағдарламасына өзгерістер енгізу керегін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Депутаттар "Болашақ" бағдарламасына өзгерістер енгізуді ұсынбақ

Соңғы 10 жылда "Болашақ" бағдарламасына түсіп, шетелге білім алуға аттанған 40-қа жуық студент Қазақстанға қайтып оралмаған. Депутат мұндай жағдай болмас үшін аталған бағдарламаға өзгерістер енгізу керек деген пікірде.

"Біз "Болашақ" бағдарламасына қатысты депутаттық сауал дайындап жатырмыз. Қазір кезегімізді күтіп отырмыз. Жақында оны жариялаймыз", – деді депутат.

Оның пікірінше, аталған бағдарламаның моделі өзгеруі керек.

"Қазіргі қалыптасқан моделін басқаша жасау керек. Қазір біз өз ұсынымызды дайындап қойдық. Мысалы, "Болашақ" стипендиясы ашық конкурспен емес, өңірлік және салалық принциппен берілуі керек", – деді Саясат Нұрбек.

Ол бағдарламаға қандай өзгеріс енгізу керегіне тоқталды.

"Өңірлерге 3 топтағы мамандар керек: мемлекеттік басқару жүйесінің мамандары, жергілікті университеттердегі профессорлар мен оқытушылар, кәсіпорындардағы мамандар (инженерлік қызметкерлер). Әкім жауапкершілікті өзіне алып, тиісті мамандарды "Болашаққа" оқытып бер деп беруі тиіс. Осылайша, шетелде оқыған мамандар өз өңірінің дамуына үлесін қоса алады. Менің ойымша, "Болашақ" бағдарламасын тапсырма беретін мақсатты принципке көшіруіміз керек", – деді депутат.

Айта кетейік, осыған дейін "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин "Болашақ" бағдарламасына қандай өзгерістер енгізілетінін айтқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу