"Болашақ" бағдарламасында қандай өзгерістер болады?

2498

Биыл техникалық және IT мамандықтарға гранттар саны 60% дейін артқан. 

"Болашақ" бағдарламасында қандай өзгерістер болады?

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин "Болашақ" бағдарламасында қандай өзгерістер болатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың техникалық мамандықтарға назар аударып, бағдарламаны қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, халықаралық бағдарламалар орталығы жаңа даму стратегиясын әзірлеуге кіріскен.

"Енді инженерлік-техникалық кадрларды дайындауға басымдық береміз. Мысалы, бағдарламадағы мамандықтар тізімі инновация, жаңа технологиялар, медицина және өнеркәсіптік инженерия саласындағы 40 жаңа мамандықпен толықты. Оның ішінде 17 мамандық атауын кеңейту арқылы бұрыннан бар мамандықтар қатарына қосылса, 23 мамандық жаңадан енгізілді. Бұл тізім еңбек нарығының орта мерзімді болжамын, тағайындалған стипендиялар статистикасын, мемлекеттік білім беру тапсырмасын, әрі мемлекеттік органдардың, Қазақстанның 70-ке жуық квазимемлекеттік және ірі компанияларының өтініштері негізінде қалыптасты", - деді басқармаға төрағасы.

Әнуар Жанғозин биыл "Болашақ" бағдарламасы бойынша техникалық және IT мамандықтарға гранттар саны 60% дейін артқанын атап өтті.

"Сондай-ақ жоғары оқу орындарының тізімі әлемнің 23 жетекші техникалық университетімен толықты. Алдағы уақытта инженерлік-техникалық бағыттағы мамандарды академиялық оқытуға арналған жеңілдік санатын енгізу жоспарда бар. Үміткерлердің инженерия саласындағы қызығушылығын және оған деген қолжетімділігін арттыру мақсатында жеңілдік санатындағы үміткерлер үшін IELTS-ты 5 балл деңгейінде (ең жоғары балл – 9) белгілеу жоспарда бар.

Жеңілдік санатындағы үміткерлер "Болашақ" бағдарламасына құжат тапсырған сәтте шетелдің жетекші университеттеріне өз еркімен түсуге міндетті болмайды. Стипендиаттар тілдік курстардан өтіп, (оның ішінде 9 ай Қазақстанда, 3 ай шетелде) стипендия тағайындалғаннан кейін жоғары оқу орнын тізімнен таңдап алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

"Болашақ" бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін сапалық өзгерістер енгізу жұмысын одан әрі жалғастыра береміз", - деді басшы.

Басқарма төрағасы "аталған бағдарламаға тек байлардың баласы түседі, оған қатысу үшін тамыр-таныс керек" деген сөз шындыққа жанаспайтынын атап өтті.

"Болашақ" бағдарламасы – қазақ жастарына қанат беріп, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берген бірегей жоба. Оқуға жіберілген студенттер мен ата-аналардың әлеуметтік статусы туралы статистикаға сүйенсек, бағдарлама стипендиаттары ата-анасының көбі жеке секторда, бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейді. Бұл бағдарлама қазақстандық азаматтарға, әсіресе, мемлекеттік қолдаудың көмегімен әлемнің үздік университеттерінде сапалы білім алған көпбалалы отбасылардан және ауылдық жерлерден шыққан жастар үшін сапалы білімге, әлемді тануға жол ашты", - деді Әнуар Жанғозин.

Ол "Болашақ" бағдарламасы сапалық транформациядан өтіп, бұрынғыдан да ашық бола түскенін жеткізді.

"Мысалы, "Болашақ" стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа ережесі бекітіліп, стипендияны тағайындау үрдісі автоматтандырылды. Іріктеу кезеңі 6-дан 3-ке дейін азайды, жалпы құжаттарды қабылдау процесі цифрландырылды. Үміткерлер құжаттарды тек электронды үкімет порталы арқылы тапсырып, сәйкестендіру кодына ие болады. Осылайша, онлайн формат және процесті автоматтандыру үміткерлерді іріктеу процесінің сапасын арттырып, іріктеу жүйесінің толық ашық, қолжетімді, ыңғайлы және мобильді болуына мүмкіндік берді", - деді басқарма төрағасы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу