Депутаттар қыста халықпен бірге қатып қалмаймыз ба деп алаңдаулы

492

Олигархтардың қолына өткен жылу орталықтары күйреп тұр.

Депутаттар қыста халықпен бірге қатып қалмаймыз ба деп алаңдаулы Фото: inbusiness.kz

Құрдымға кеткен станцияларды бақылауға қолданыстағы заңның өзі - кедергі. Ал осы саланы реттеу үшін үш министрлікке жүгіресің және соңында кінәліні тауып болмайсың. Бүгін Мәжілісте осы мәселе айтылды. Қыстың ауылы алыс деуге келмес. Көзді ашып жұмғанша жетіп келеді. Ал оған біз дайынбыз ба? Депутаттар халықпен бірге қатып қалмаймыз ба деп алаңдаулы. Өзекті сұрақтарға министрлер мен әкімдер жауап берді.

Жылу орталықтарында миллиардтаған теңге заңбұзушылық анықталды

Былтыр елді әбігерге салған қысты ешкім ұмыта қойған жоқ. Жылу орталықтары әр өңірде бір сәтте істен шығып, ел дірдектеп қалған еді. Осы жағдайдан кейін барлық станцияларда аудит жүргізілді. Бүгін мәжілісте Годунова ханым осының есебін берді.

"47 мемлекеттік мекемеде және 44 табиғи монополия субъектісінде аудит жүргізілді. Нәтижелері бойынша 23 млрд теңге қаржылық заңбұзушылықтар, 37 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 117 млрд теңге экономикалық шығындар және жіберіп алған пайда анықталды", - деді ҚР Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова.

Депутаттар қыста халықпен бірге қатып қалмаймыз ба деп алаңдаулы

Сол жылу орталықтарының жұмыс істеп тұрғанына 60 жылдан асқан. Соңғы екі жылда жөнге келтіруге 250 млрд теңге бөлінді. Республикалық бюджеттен 84 млрд теңге бағытталды. Бірақ тиімді жұмсалмаған көрінеді. Ал астанадағы жылу орталығы алтыннан қаланып жатқан сияқты. 14 жыл болды. не бітпеді, не қоймады. Құрылысқа бөлінетін қаражат та жыл сайын өседі. Басында  86 млрд, өткен жылы 122 млрд теңгеге көтерілген. Солай дей отырып, Астананың төрінде отырған депутаттар қыстан аман шығамыз ба деп алаңдаушылық білдірді.

"Біз биыл алматыдан жылы жақтан көшіп келдік биыл. Осы биыл қыс қатты болады деген жорамал бар. Мына астана халықмен бірге қатып қалмаймыз ба биыл?" - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи

Ал Қостанай облысындағы арқалықта құжат жүзінде пайдалануға берілген жылу орталығының шын мәнінде құрылысы аяқталмаған. Жалпы қысқы дайындық күмәнді. Себебі, әлі 40 жылу орталығы әзірліктерін айғақтайтын паспорт алмаған.

Жекеменшік нысандарды бақылауға заңның өзі кедергі

Осы ретте Годунова ханым жылу маусымына дайын болмаған әкім орынбасарларын жауапкершілікке тартуды ұсынды. Бұған қоса, жекеменшік нысандарды бақылауға заңның өзі кедергі екенін айтты. Бұл кәсіпкерлік кодексіндегі шектеулер. Тағы бір мәселе. Жылу саласын реттеуге бірден үш министрлік жауапты. Энергетика, Ұлттық экономика және Индустрия. Ең аяғында кінәліні табу қиын.

"Бұл мәселені заң жүзінде Еділ терекбайұлы қарау керек.  Бір мәселеде 3 министрлік жауап береді. Оған қоса, жаңа әкімшілік. Олар бір біріне сілтеп отыр. Қиындықтарға тап болып отырмыз", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері министрге өңірлерді аралауға кеңес берді

Қазір Семей, Павлодар, Жезқазған, Риддер, Шахтинск жылу орталықтарында қауіп бар. Министр ол жаққа әлі бармаған.  Жөндеу жұмыстарын күтіп отыр екен.

Жөндеу жұмыстарынан кейін жылу бағасы қаншаға көтерілетіні әзірге белгісіз. Қазір Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай, Ақмола және Алматы облыстары тарифті өсіруге қатысты өтінім берген. Годунова ханым екі үш есе болса да, қымбататту керек деген пікірде. Әйтпесе Екібастұздың күйін кешеді екенбіз. Олигархтың қолында болған жылу орталығын жөндеу үшін тағы сол халықтың ақшасымен өтелмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу