"Нұр Отан" партиясының мүшелері туристердің қауіпсіздігіне байланысты Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. Мәжілісмен Дархан Мыңбайдың айтуынша, депутаттық сауал жолдауға саяхат кезінде адамдар тап болатын қатерлер түрткі болып отыр. Депутат мысал ретінде 25 мамырда Түркістан облысында тауға шыққан Назарбаев Университетінің 6 студентінен тұратын туристік топтың адасып кеткенін келтірді. Құтқарушылар мен еріктілердің жедел әрекетінің арқасында ғана олардың үшеуі тірі табылған. Өкінішке қарай, екеуінің қаза болғаны туралы суық хабар жеткен еді.
"Үкіметтің анықтамасы бойынша Түркістан облысы еліміздегі басым туристік аймақтардың үздік ондығына кіреді. Бұған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның оң ықпалы тиді. Онда қазіргі заманғы талаптарға сәйкес енгізілген өзгерістерден басқа, туристің қажеттіліктерін бірінші орынға қоятын жаңа терминдер мен ұғымдар да қосылған. Мысалы, "туристік бағдар" деген ұғым енгізілді. Ол туристің қажеттіліктерін қанағаттандыруы үшін жүру жолдары белгіленіп, оны туристік оператор әзірлейді. Сол туристік қызмет нысандарына баруы-келуі, егжей-тегжейлі регламенттелген", - дейді Дархан Мыңбай.
Депутаттың пікіріне құлақ ассақ, туризм саласын цифрландыру - оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Егер халықаралық тәжірибені ескеретін болсақ, онда еуропалық мамандар әртүрлі қосымшалар әзірлеген, олар сәтті енгізілген.
"Қазақстанда да цифрландырудың тәжірибесі бар. Мысалы, қалалар мен елдімекендер шегінде маршруттар навигациясы тиімді жұмыс істейді. Ал бүгін де туристік навигация жүйесін, оның ішінде туристің онлайн навигаторын жедел енгізу қажеттігін жоғарыдағы жағдай, яғни өмірдің өзі талап етіп отыр. Жалпы туризмді цифрландыру ісі бірге еріп жүретін өзгелердің көмегінсіз де қозғалуға, кез келген тілде ақпарат алуға, жүзбе-жүз кездеспей-ақ, тек қана өз жеке смартфонды пайдалану арқылы төлемдерді жүзеге асырып, өзге де қажетті әрекеттерді жасауға мүмкіндік береді", - дейді ол.
Осыған байланысты депутат Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Мәдениет және спорт министрліктері интеграцияланған туристік навигация қосымшасын әзірлеу керек деп есептейді. Оны басым туристік аймақтардың үздік ондығының бірінде (Алматы өңірінің тау кластері, Түркістан өңірі, Нұр-Сұлтан қаласы) пилоттық жоба ретінде іске қосуды талап етеді. Дархан Мыңбай сонымен бірге Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазгидромет азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік желілерде, БАҚ арқылы туристік маршруттар бойынша щұғыл ауа-райы болжамы (мысалы, "Казметеотур") басқа да сақтық шаралары жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіз керектігін айтады.
Аян Бекенұлы