Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров сарапшылардың валюта бағамына қатысты жасаған болжамына пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер министрден "Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы доллар бағамы 545 теңге деңгейінде болады деп болжап отыр. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?" деп сұрады.
Нұрлан Байбазаров бұл болжаммен таныс екенін айтты.
"Валюта бағамын нарық реттейді. Барлығы да валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Бүгін Ұлттық банк жасалып жатқан шаралар туралы баяндады. Қараша айында 2 млрд доллардан астам Ұлттық банк нарыққа шығарды. Бұл трансферттер, валюта интервенциялары арқылы жүргізілді. Меніңше, бұл шаралар валюта бағамын ұстауға көмектеседі деген ойдамын", - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Ұлттық экономика министрі бұл сарапшылардың пікірі ғана деп отыр.
"Біз бұл нұсқаны (ред. – Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының болжамы) әзірге қарастырмаймыз", - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айта кету керек, осыған дейін келесі жылы доллар бағамы 545,2 теңгеге жетуі мүмкін екенін жазғанбыз.