Мұнай бағасының айтарлықтай өзгермегеніне қарамастан, өткен аптада теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 426,60 деңгейінде болды. Ал 28 қыркүйек күні сауда-саттық ашылған кезде теңге тағы 0,38%-ға әлсіреп, 428,20 теңгені құрады. Неліктен теңге әлсіреуде?
Ұлттық Банктің монетарлық операциялар департаменті директоры Нұржан Тұрсынханов теңгенің айырбастау бағамына қатысты түсініктеме берді.
"Жаһандық нарықтарда доллардың нығаюына байланысты бүгін ұлттық валютаның біршама әлсірегенін байқап отырмыз. АҚШ долларының индексі коронавирустың екінші мәрте қайталануына байланысты алаңдаушылықтың күшеюі себебінен және АҚШ-та алдағы уақытта болатын Президет сайлауына байланысты негізгі әлемдік валюталар қоржынына қарсы нығайып, екі айдағы шарықтау шегіне жетті. Халықаралық валюта қоры өкілдерінің айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты дағдарыс болжанған мерзімнен ұзағырақ уақытқа созылады әрі кейбір елдер экономикасының қайта өсуі үшін бірнеше жыл уақытты қажет етеді. Еуропа елдерінің коронавирустың екінші толқынынан үрейленіп, шектеу шараларын енгізуі де долларды күшейте түсті", – дейді Ұлттық банк өкілі.
Қаржы саласы маманының сөзінше, сыртқы нарықтардың қысымы көптеген дамушы елдің валютасына кері әсерін тигізген.
"Түрік лирасы бұған дейін болған ең жоғарғы көрсеткіштерін жаңартуын жалғастырса, Бразилия реалы мен Мексика песосы жұма күні 0,9%-ға әлсіреді. Ал Оңтүстік Африка ранды доллармен салыстырғанда құнын 1,2%-ға дейін жоғалтты. Ресей рублі де өткен аптада бір доллар үшін сәуірдегі деңгейдің ең жоғарғы көрсеткіші – 78 рубль белгісінен асып түсті. Мәскеу биржасындағы сауда-саттық 78,19 деңгейінде жабылып, жұма күні 1,35%-ға төмендеген", – деп айтып өтті Нұржан Тұрсынханов.
Айта кетсек, доллар индексінің өсуі мұнай бағасының арзандауына себеп болғанымен, Нұржан Тұрсынханов мұнайға деген сұраныстың өсетініне күмәнмен қарап отыр.
Нұржан Көшкін