“Джентльмендерге сәттілік” кейіпкерлерінің ескерткіші қазір Тараздағы мейрамханалардың бірінде тұр

509

Бұрынғысы Тараз қаласындағы қоймалардың бірінде қараусыз жатқанына 8 жылдан асты.

“Джентльмендерге сәттілік” кейіпкерлерінің ескерткіші қазір Тараздағы мейрамханалардың бірінде тұр Фото: Ардақ Үсейінова

Мейрамханаға қойылған "Джентльмендерге сәттілік" комедиясы кейіпкерлері ескерткішінің көшірмесін оның оригинал нұсқасының авторы Темірхан Көлжігіттің өзі жасаған. Оған дәмхана иесі арнайы тапсырыс беріпті.

Бұрын таяу шет елдерден келген туристер Таразға келгенде посткеңестік кеңістікке танымал болған кинофильмінің кейіпкерлеріне арналған ескерткішті көруге орталықтағы "Шахристан" базарына көп баратын. Осыдан 8 жыл бұрын шаһардағы орталық "Көкбазар" қала сыртына көшіріліп, "Шахристан" базары жабылып қалғаны белгілі.

Базар орнында бой көтерген "Көне Тараз" тарихи-этно кешенде кеңестік кезеңге тән ескерткішті қалдыру орынсыз болғаны түсінікті. Қоймада ұзағырақ жатып қалғаны да сондықтан.

Ескерткіштің Тараздағы "Шахристан" базарында пайда болуының өзіндік тарихы бар. Фильмнің 35 жылдығына орай қойылған ескерткішті жасауға комедиядағы басты кейіпкерлердің бірі – Василий Алибаевичтің мына фразасы түрткі болған. 

"Жамбыл... Ол жақта жылы, ол жақта менің анам бар", - деген "қашқынның" сөзі көрерменге ерекше жылылық сыйлайды.

Актер Евгений Леонов фильм түсіріліп жатқан шақта, қыстың қақаған кезінде Жамбылда гастрольдік сапармен келген екен. Оңтүстіктегі қала тұрғындары режиссерді жылы шыраймен қарсы алады. Жамбылдықтардың қонақжайлылығына ризашылығын жеткізу үшін ол фильмдегі осы бір эпизодта "Жамбыл" қаласын атау керек деген шешім қабылдаған.

Кейін фильм кейіпкерлеріне арналған ескерткіш бірден Жамбыл – Тараз қаласының визиттік карточкасына айналып кетті. Ал базар жабылып, ескерткішті алып тастағанда оны көрнекі орындарға қайтару туралы ұсыныс айтқандар көп болды.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу