Е.Жамаубаев: Төрт министрлік 278 млрд теңгені игермеген

Ең көп сома - индустрия және инфрақұрылымдық даму, ішкi iстер, төтенше жағдайлар және оқу-ағарту министрліктерінің еншісінде.  

Е.Жамаубаев: Төрт министрлік 278 млрд теңгені игермеген Фото: aikyn.kz

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,7%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 98%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 94%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 14,5 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 295 млрд теңгені құрады, оның ішінде
17 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 278 млрд теңге. Ең көп игерілмеу сомасы индустрия және инфрақұрылымдық даму, ішкi iстер, төтенше жағдайлар және оқу-ағарту министрліктерінде қалыптасты", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, қаржының игерілмеуінің негізгі себептері: қазынашылық ақпараттық жүйелеріндегі техникалық ақаулар, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін, шот – фактураларды уақтылы ұсынбау, шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ жасасу және т.б.

"Жергілікті бюджеттердің шығыстары 8,1 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 520 млрд теңге. Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қарашаға 2,6 трлн теңге бөлінген. Оның 94,1%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 150 млрд теңге, оның ішінде 16 млрд теңге – үнемдеу, 134 млрд теңге игерілмеген", – деді Жамаубаев Үкімет отырысында.

Қазынадан бөлінген ақша Астана қаласы, Маңғыстау облысы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында ең көп игерілмеген. 

Оның негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу