ЕАЭО елдері арасында Қазақстан ШОБ-ты қолдауды ерте бастады

1110

Дүниежүзілік банк дағдарыс кезінде шағын және орта бизнесті қолдауға 6 млрд доллар бөлді. 

ЕАЭО елдері арасында Қазақстан ШОБ-ты қолдауды ерте бастады

Дүниежүзілік банк коронавирустың таралуын тоқтату үшін 14 млрд доллар бөлді. Оның 6 млрд доллары COVID-19 пандемиясы салдарынан туындаған дағдарыс кезінде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған, деп хабарлады Ranking.kz. 

Қазіргі кезде Қазақстан шағын және орта бизнесті салықтан босату сынды шаралар қабылдап, кәсіпкерлерге барынша қолдау білдіруде. 

Еске сала кетсек, 2020 жылдың наурызында елімізде 165,1 мың шағын және орта компания белсенді жұмыс істеген. Ол жалпы Қазақстанда тіркелген бизнес субъектілерінің тек 36,9%-ы. 2019 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіштер айтарлықтай жоғары болатын. 

Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен кейін Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорындарды қолдауға 600 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Бұл сома несие түрінде жылына 8%-бен беріледі. Сонымен қатар "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын қаржыландыру 1 трлн теңгеге артты. Бұдан бөлек шағын және орта бизнеске салықтық каникул жарияланды. 

Салыстырмалы түрде алсақ, ЕАЭО қатарындағы Ресей мен Қырғызстанда жағдай басқаша. Мәселен, Ресейде карантин федералдық деңгейде жарияланбаған. Сондықтан көптеген бизнесті қолдау шаралары енді қарастырылып жатыр. Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин жуырда ғана бизнес иелеріне жеңілдікпен несие берілетінін мәлімдеген. Сонымен қатар көрші елдің Даму мемлекеттік корпорациясы банктерге 100 млрд рубль кепілді сома бермек. Нәтижесінде кәсіпорындар жалақы төлеуге банктерден несие алады.  

Ал Қырғызстанда төтенше жағдай 22 наурызда жарияланды. Әзірге көрші ел бизнес субъектілерін қолдауға бағытталған нақты шаралар қарастырған жоқ. Кәсіпорындарды жеңілдікпен қаржыландыру сынды бағдарламалар соңғы рет 20 наурызда талқыланды. 

Құралай Құдайберген

Фото авторы: smolenskcci.ru

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу