ЕАЭО-ның жаңа Кедендік кодексінің жобасы мақұлданды

1005

ЕАЭО-ның жаңа Кедендік кодексінің жобасы мақұлданды

Еуразиялық экономикалық одақ аясында жаңа Кедендік кодекстің жобасы мақұлданды. Шешімді қабылдауға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения үкіметтерінің басшылары қатысты, деп хабарлайды 24 Хабар.

Кеден кодексі туралы келісім ішкі рәсімдерден өту үшін әр мемлекетке беріледі. Одаққа мүше елдердің басшылары желтоқсан айында өтетін Жоғарғы Еуразиялық үкіметаралық кеңесте құжатқа қол қоюы тиіс. Жоба кедендік рәсімдерді жеңілдетіп, кедендік реттеу және әкімшілендіру саласындағы әлемнің озық тәжірибелерін негізге алған. Кодекстегі өзгерістердің жартысын қазақстандық тарап енгізді. Онда электрондық декларациялауға басымдық беріліп, бір терезе қағидасын қолдану, автоматтандыру мен тауарды өткізу мерзімін бір күннен 4 сағатқа дейін қысқарту сияқты тараулар бар. Сонымен қатар, тасымал барысында өнімді шығарған елді көрсету талабын жоюға және Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бизнес-климатты жақсартуға бағытталған басқа да шаралар көзделген. Кездесуде үкімет басшылары фармацевтика саласын реттейтін құжаттар пакетін де мақұлдады. Жоба заңсыз өніммен күресуге дәрі-дәрмектер сапасын арттыруға және бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, келер жылы Еуразиялық экономикалық одаққа Қырғызстан тарапы төрағалық етеді.

"Көптеген бағыт бойынша, ортақ энергетика нарығы бойынша, мұнай-газ және қаржы нарығы бойынша мерзімді 2019 жылға дейін, 2025 жылға дейін жылжытуымыз құжаттың маңыздылығын көрсетеді, бәрі келісіліп, пысықталған кезде ортақ нарық жұмыс істейтін болады, – деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

"Бір ғана Кеден кодексі бойынша біз екі мыңдай ескертпе мен ұсыныс алдық. Олардың барлығы бізге ресми органдар мен құжаттың мақұлданғанын күтіп жүрген бизнес өкілдері тарапынан түсіп отыр", – деп атап өтті ЕЭК алқа төрағасы,  Тигран Саркисян.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу