Египет әуежайында қаза тапқан қазақстандық әйелдің кім екені анықталды

Оқиғадан екі ел тұрғыны жарақаттанып, бір адам қайтыс болды.  

Египет әуежайында қаза тапқан қазақстандық әйелдің кім екені анықталды Фото: : instagram.com/anvar_shalekenov

Қайғылы жағдайдан қаза тапқан қазақстандық Scat әуекомпаниясы жолаушысының есімі белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқыс оқиға Египеттің Шарм-эль-Шейх әуежайында болған еді. 

Көп ұзамай қаралы жағдай құрбанының есімі аталды. Ол – Қазақстанның ішкі істер органдарының ардагері Ақмарал Мұқанова.

Бұл туралы журналист Әнуар Шалекенов алғашқылардың бірі болып хабарлаған. 

– Ақмарал апа, бұған сене алар емеспін! Қалай?! Бүгін Египетте анамның жақын досы, менің кіндік шешем өмірден озды, – дейді ол. 

Ақмарал Мұқанова бір уақыттары Ақтөбе облыстық полиция департаментінің кадр басқармасында жұмыс істеген. Кейіннен зейнетке шығып, Астана қаласында тұрған. 

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Ақмарал Өтегенқызының қызметтегі тәжірибесіне тоқталып өтті. 

– Ақмарал Мұқанова облыстық полиция департаменінің кадр басқармасында абыройлы еңбек етті. Ол құқық қорғау саласында антына адал, ісіне мығым, тапсырманы бұлжытпай орындайтын қызметкерлер тәрбиеледі. Қай кезде де қамқор бола білді. Өз тәжірибесін бөлісіп, жас кадрды бағыттап отырды. Әріптестері оның ашық-жарқын, мейірімді жан деп біледі. Ол үнемі күліп жүретін қарапайым адам еді, – деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, бұған дейін Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласының әуежайында үш қазақстандықтың үстіне жарнама тақтасы құлап кеткенін хабарладық.

Оқыс оқиға Астана бағытындағы рейске отырғызу кезінде болған. Салдарынан бір қазақстандық әйел көз жұмса, екі ел тұрғыны жарақат алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу