Нұр-Сұлтанда 23 жастағы ер адам ұрланған көлікпен жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан екі адамды қағып, оқиға орнынан із суытқан, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"06:58-де автокөлік Тәуелсіздік даңғылы бойында жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан екі адамды қақты. (...) Жол-көлік оқиғасы салдарынан 48 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмып, жасөспірім (2005 жылғы) әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді",– делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі патрульдік полиция масаң күйде болған жүргізушіні қолға түсіріп, уақытша ұстау изоляторына қамағанын хабарлады.
Қазір күдіктіге қатысты Қылмыстық Кодекстің 345- бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.