Екі айда 108 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды

893

Қарамағындағы қызметкерлеріне заң бұзуға жол бергені үшін 50 басшы жазаланды.

Екі айда 108 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Биғайдаров өткен аптада әшкереленген сыбайлас жемқорлық фактілері мен биылғы жылдың алғашқы екі айында агенттіктің атқарған шаралары жайлы баяндады.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен кезеңде жетпіске жуық іс сотқа дейін тергеп-тексерілді. Олардың көпшілігі парақорлық, жемқорлық және алаяқтық фактілеріне қатысты. Қылмыс жасады деген күдікпен 4 адам ұсталып, оның үшеуі сот шешімімен екі ай мерзімге қамауға алынды. Сыбайлас жемқорлық және лауазымдық қылмыс жасаған бірқатар мемлекеттік қызметкерге қатысты онға жуық сот үкімі шығарылды. Олардың жартысы бас бостандығынан айырылса, екінші жартысы айыппұл төлеу жазасын тартты", – деп атап айтты Данияр Биғайдаров.

Аға тергеушінің сөзінше, өткен аптада сыбайлас жемқорлық фактілерінің тіркелуімен қатар, қылмыстың алдын-алу мақсатында мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар да енгізілген.

"Биылғы жылдың екі айы ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік органдарда қылмыстық құқық бұзушылық және басқа да заң бұзушылық жасауға ықпал етуші жағдайларды жою мақсатында 302 ұсыныс енгізді. Олардың көпшілігі ішкі істер органдарына, әкімдіктерге, білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріне жіберілді. Мемлекеттік органдар өткен екі айда 135 ұсынысты қарастырды. Нәтижесінде, 108 лауазымды тұлға түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, қарамағындағы қызметкерлеріне бақылау жасамағаны және заң бұзуына жол бергені үшін әр түрлі буындағы 50 басшы жауапкершілікке тартылды. Олардың кейбіреуін айта кетсем, 1 тұлға ескерту алды, сөгіс алғандар – 18, қатаң сөгіс – 10, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту – 1, атқарып отырған лауазымынан 9 тұға босатылды, 1 басшы жұмыстан шығарылды", – деп нақтылады сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу