Көбіне мектептер мен балабақшалар маңында тұрақ ережелерін бұзғандарға шағымдар түседі. Әсіресе балаларды мектепке апарып-әкелу кезіндегі қарбалас уақытта бұл мәселе өзекті болуда. Мұндай заңбұзушылықтар жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырып қана қоймай, ата-аналардың балаларға үлгі көрсетуі тұрғысынан да теріс әсерін тигізеді.
Заңға сәйкес, жүргізуші мектеп маңында көлігін жол жиегінде тоқтата алады, бірақ бұл тек жолаушыны отырғызу немесе түсіру үшін ғана жүзеге асырылуы тиіс. Бұл әрекет тұрақ емес, аялдама деп саналады. Ал егер жүргізуші көліктен түсіп, баланы қауіпсіздік орындығына не шығарып, мектепке апарып қайтса, бұл тұрақ деп есептеледі.
– Аялдаманы тұрақтан ажырата білу маңызды. Мысалы бала көліктен түсіп, жүргізуші оны орнына отырғызбай, жылдам кетіп қалса – бұл аялдама. Ал көлік иесі ұзақ уақытқа көлігін қалдырып, өз шаруасымен жүрсе – бұл тұраққа жатады, – дейді полиция қызметкерлері.
Тағы бір өзекті мәселе – мүгедектерге арналған тұрақ орындарының заңсыз иеленілуі. Мәселен, Instagram желісіндегі @up.ekibastuz парақшасына азаматтардан шағым түсуде.
– Гринвичте мүгедектерге арналған тұрақ белгісінің жанында көлік тұр. Мен мүгедекпін, көлігімді қоюға мүмкіндік жоқ. Осы заңбұзушылық бойынша шара қабылдауыңызды сұраймын, – деп жазған бір азамат.
Тұрақ ережелерін бұзу фактілерінің айтарлықтай бөлігі бейне немесе фото арқылы азаматтардың қырағылығының арқасында анықталды.
Мәселен, "Шахтер" дүкенінің маңында жүргізуші тротуарда тұрақтағаны туралы шағым түссе, тағы бір хабарламада: "Жаяу жүргіншілер жолын көлік жауып тастағандықтан, балалар арбасымен өте алмаймыз. Шара қолданыңыздар!" делінген.