Екінші дүниежүзілік соғыс туралы мұрағаттардағы құжаттар әбден тозған – депутат

410

Қазақстандықтар  ҰОС майдангерлерін іздеу үшін Ресейдің электронды дерекқорларын пайдаланады.

Екінші дүниежүзілік соғыс туралы мұрағаттардағы құжаттар әбден тозған – депутат Фото: Ақорда

Бұл туралы Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Адамзат өркениетінде зардабы жөнінен бұрын-соңды болмаған миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған, тағдырын талқан еткен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына келесі жылы 80 жыл толады. Бұл маңызды датаның бізге де тікелей қатысы бар. Қазақстан жерінде шайқастар жүрмесе де, еліміз бұл қасіретті соғыстан тыс қалған жоқ. Соғыс басталар алдында Қызыл армия қатарында 178 мың қазақстандық болған екен. Ал соғыс кезінде әскерге 1 млн 200 мыңдай азаматымыз шақырылды. Оның 600 мыңнан астамы ұрыс даласында қалды. Қаншама майдангерлер мүгедек болып оралды. Кеңес Одағының қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 271 мыңдай қазақстандық із-түссіз жоғалып кеткен. Осы сұрапыл соғыста 7 млн-дай Кеңес әскерінің жауынгерлері тұтқынға түскен", - деді депутат. 

Сөзінше, оның ішінде қаншасы қазақстандықтар екені әлі нақтыланбаған. Еділ Жаңбыршин бұл бағытта ҚР Президентінің архиві зерттеу жұмыстарын бастағанын атап өтті.

"Осынау кезең ішінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы тиімді ақпарат алатын ұлттық платформа, яғни толық электронды дерекқор әлі күнге дейін жасалмаған. Сарапшылардың пайымдауынша, майдангер ата-бабасын іздеуші ұрпақтардың саны 2 млн адамнан асады екен. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары, тарихшылары және шежірешілері майдангерлерді іздеу үшін Ресейдің электронды дерекқорларын пайдаланады. Бірақ бұлардың ішіндегі миллиондаған құжаттарда нақты қазақстандықтар туралы деректерді табу өте қиын", - деп жалғастырды ол.

Мәжілісмен майдангерлерге қатысты негізгі құжаттар мен деректер Ресейдің мұрағаттарында екенін жеткізді.

"Бүгінгі таңда соғысқа қатысты мұрағаттардағы құжаттар әбден тозған. Ресей өз майдангерлерінің мәліметтерін цифрландыруды бастап кетті. Ал біз бұл жұмыстарды мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде әлі қолға алған жоқпыз. Салдарынан бұл жұмыстармен тек үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген отаншыл азаматтар ғана айналысып жүр", - деді депутат.

Айта кету керек, осыған дейін Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы басталғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу