"Екінші ұлы да күдікті атанды": Алматыда отқа оранған полицейдің өліміне қатысты тағы бір дерек тарады

Бұған дейін айдалада өртеніп жатқан полицейдің денесі табылып, оның өліміне келіншегі мен ұлы күдікке ілінген еді.  

"Екінші ұлы да күдікті атанды": Алматыда отқа оранған полицейдің өліміне қатысты тағы бір дерек тарады Фото: polisia.kz

Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға болған күні полиция қызметкері үйіне кеш келген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Марқұмның жұбайының да экс-полиция қызметкері болғаны көп жазылып жүр. Бірақ, ол биыл ақпан айында ғана жұмыстан шығып кеткен.

Жақындарының сөзінше, ер адам отбасында жиі жанжал шығарып, әйеліне бірнеше рет қол да көтерген. Тіпті, әйелі бірнеше рет денесіндегі жарақат іздерін көрсетсе де, мәселе бойынша нақты шара қолданылмаған.

Ерлі-зайыптылардың кезекті жанжалы кезінде үйге 15 жастағы екі ұлы (біреуі асырап алған ұлы делінеді) мен олардың 14 жастағы досы кіріп қалған. Тергеу нұсқасына сәйкес, жасөспірімдердің бірі әкесінің басынан қатты затпен соққы жасаған.

– Келіншек пен оның екі ұлы және 14 жастағы жасөспірім Алматы облысы Талғар аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған. Бейресми мәліметтерге қарағанда, олар өзіне тағылған күдікті мойындаған болуы мүмкін. Десе де, бұл ақпаратты тергеу органдары әзірге ресми түрде растаған жоқ. Сот санкциясынан кейін олар тергеу изоляторына этаппен жеткізіледі.

Бұл істі тергеу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылуы ықтимал. Себебі, қылмыс Алматы қаласында жасалғанымен, мәйіт Алматы облысының аумағынан табылған.

Егер марқұмның жұбайына күш қолданғаны жөніндегі ақпарат расталып, әйелі, оның балалары және басқа да куәгерлер тиісті  айғақ берсе, бұл мән-жайлар қылмыстық істің тергелуіне елеулі ықпал етуі мүмкін. Аталған оқиға үлкен қоғамдық резонанс тудырды, – деп жазды Тime.kz басылымы. 

Күні кеше Алматыда денесі отқа оранған полицейдің отбасы туралы тың дерек айтылғанын жазған едік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу