Экология министрлігі орман өртімен жасанды интеллектіні қолдану арқылы күреспек

406

Салада цифрландыруды енгізу мақсатында "Орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің" жобасы жасалған.

Экология министрлігі орман өртімен жасанды интеллектіні қолдану арқылы күреспек Фото: primeminister.kz

Экология және табиғи ресурстан министрі Ерлан Нысанбаев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында орман өрттерін ерте анықтау жүйесіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Орман өрттерін дәлме-дәл анықтау, орман шаруашылығына цифрландыруды енгізу мақсатында "Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі" жобасы жасалып, ол ҚР Президентінің жанындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында мақұлданды. Жобаны іске асыру үшін жасанды интеллектіні қолданып, бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша тиісті техникалық тапсырма әзірленді. Құжат аясында әртүрлі көздерден алынған деректерді топтастыру арқылы өрттерді ерте анықтауға және жедел шешімдер қабылдауға мониторинг жасау үшін бірыңғай Ситуациялық орталығын құру жоспарланған", - деп түсіндірді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, өрттің шығуын анықтау 30 шақырымға дейінгі радиуста айналып қарайтын бейнебақылау камераларының көмегімен іске асырылады.

Ерлан Нысанбаев былтыр бұл жүйе "Ертіс орманы" резерваты мен "Көкшетау" ұлттық паркінде енгізілгенін, осыған ұқсас жүйелер "Бурабай" ұлттық паркінде, "Медеу" табиғи паркінде барын еске салды. 

"Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының орман мекемелерінде жетілдіре түсуді қажет ететін тек бейнебақылау жүйесі орнатылған. "Бурабай" ұлттық паркінде енгізілген жүйе өз тиімділігін көрсетті. Мәселен, бұдан бұрын орман өрттерінің орташа ауданы мұнда 80 га болса, жүйе енгізілгеннен кейін аумақ 1,5 гектарға дейін қысқарды", - деді министр.

Айта кету керек, осыған дейін орман қорын сақтауда Финляндия тәжірибесін зерделеу ұсынылғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу