"Экологиялық апат" туралы петициядан кейін Өскеменде ғылыми-сараптамалық топ құрылмақ

556

Оның құрамында "қоғам өкілдері міндетті түрде болады" деп сендірді жауапты мекеме. 

"Экологиялық апат" туралы петициядан кейін Өскеменде ғылыми-сараптамалық топ құрылмақ Фото: Аяужан Өтеулинова

Өскеменді "экологиялық апат аумағы" деп тануға арналған петициядан кейін ШҚО Экология департаменті ғылыми-сараптамалық топ құратынын хабарлады. Топ құрамында "қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар" болады деп көрсетті жауапты мекеме.

Еске саламыз, қоғам қайраткері, заңгер Қалибек Қалиолданов Үкімет пен Парламентке осындай петиция жолдаған болатын. Онда төмендегідей алты талап қойған:

  1. Өскеменде экологиялық апат деп жариялап, оны заң жүзінде бекіту;
  2. Тұрғындарды үнемі тегін дәрігер қарауынан өткізу;
  3. Қалада 10 жылдан артық тұратындарға экологиялық жәрдемақы беру;
  4. Медициналық қызметтерге тегін қол жеткізуді қамтамасыз ету;
  5. Шығарындыларды сапалы, тиімді сүзетін қымбат сүзгі орнату және оны ұдайы жаңартып тұру;
  6. Шығарындылардың құрамы мен көлеміне шектеу қойып, қатаң бақылау орнату.

Осы талаптан кейін ШҚО экология-департаменті қоғам өкілдерінің міндетті түрде қатысуымен  ғылыми-сараптамалық топ құруды ұсынды.

"Сарапшылар тобының әрбір әрекеті мен олардың қорытындыларын әлеуметтік желілерде кеңінен жариялау қажет деп санаймыз", деп жазылған мекеме таратқан ақпаратта.

Халық қалдағы ауа сапасының қатты нашарлап кеткенін айтады.

"Өскемен халқы ондаған жылдар бойы мемлекет басшылығына дабыл қағып келеміз, алайда еш нәтиже болмады. Бірақ біз тоқтап қалмаймыз. Қалада ауа сапасы нашарлап, бізді өлтіруге айналды. Біздің ақшамызды ұстайтын билік біздің ұрпағымызды қорғау үшін мүлде әрекет етіп жатқан жоқ. Бір адам күніне 25 мың рет тыныс алады екен, сонда 350 мың халық 9 млрд рет улы қоспаны жұтып отыр деген сөз. Біз қазір терезені ашып, үйді желдетіп алудан қалдық. Баламен серуендеуге шығу арман. Далада көп жүрген адам химиялық күйікке шалдығады", дейді тұрғындар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу