Экономист Қисықов: Бір өңірдің дамуы бүкіл Қазақстанның дамуына себеп

532

​Енді экономикалық өсімге бір реттік жобалар емес, инфрақұрылым, өнеркәсіп және ішкі нарықтың ауқымды дамуы ықпал етеді. 

Экономист Қисықов: Бір өңірдің дамуы бүкіл Қазақстанның дамуына себеп Фото: ЖИ

Экономикалық өсімнің өздігінен пайда болуы сирек. Оған әдетте инвестициялық цикл, яғни жолдар, кәсіпорындар, логистикалық орталықтар, инженерлік инфрақұрылым және жаңа өндіріс ошақтарының салынуы себеп. Қазақстанның экономикасында да осы үдерістер айқын көрініс тауып жатыр. Экономист Бекнұр Қисықовтың айтуынша, елдің қарқынды дамуына ірі инфрақұрылымдық жобалар жол ашқан.

"Қазір барлық өңірді дамытуға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Инвестициялар көлемі артып келеді. Мәселен Алматыны алсақ, біраз жерде жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын байқаймыз. Бұл ғана емес, әр өңірде инфрақұрылым құрып, жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар іске асып жатыр. Соның арқасында бірқатар облыстың экономикасы дамуда. Ал өңір экономикасы елдің макроэкономикасын нығайтады. Сондықтан жалпы ішкі өнімнің өсуі бұл заңды құбылыс", – дейді экономист Бекнұр Қисықов.

Иә, елде жылдың алғашқы жартысында құрылыс қарқынды болды. Қаңтар-маусым аралығында бұл сала 15,2%-ға өскен. Өсім драйверлері деп  көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіптік кәсіпорындар, инженерлік желілер, тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік нысандарды салынуын айтамыз. 

Құрылыс өз алдына дербес сала емес, оның экономикадағы рөлі орасан. Әрбір жаңа инфрақұрылымдық жоба металлургия, цемент өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, көлік, логистика, машина жасау және басқа да салаларға сұраныс тудырадыы. Демек, құрылысқа салынған инвестициялар экономиканың ең жоғары мультипликативтік әсерге ие бағыттарының бірі саналады.

Расында, ұрылыс секторының артуымен қатар өңдеу өнеркәсібі, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы да нықталып келеді. Экономика бір ғана локомотивке емес, өзара байланысты бірнеше даму бағытына сүйеніп отыр.

Орталық Азия бойынша сарапшы Ранохон Турсунова негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі, әсіресе жеке капиталдың 21,4%-ға артуы ерекше маңызға ие дейді. Ташкенттегі Дүниежүзілік экономика және дипломатия университетінің саясаттану кафедрасының профессорының пайымынша бизнес тарапынан елдің экономикалық саясатына деген сенім артып жатыр. 

"Экономика өсімі байқалады және бұл көрсеткіш халықаралық қаржы ұйымдарының болжамы бойынша 2026 жылы күтілетін әлемдік орташа өсім – 3%-дан жоғары. Бұл Қазақстан экономикасының белгілі бір тұрақтылыққа және жаһандық белгісіздік жағдайында тіпті алда келе жатқан динамикаға ие екеніне дәлел. Үкімет Президент айқындаған міндеттерді орындау бағытында шынымен жұмыс істеп жатыр", – дейді Ранохон Турсунова.

Жаңа жобалар ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де қарқын алды. Абай облысында теміржол инфрақұрылымын салу және автожолдарды жаңғырту жұмыстары жалғасады. Түркістан облысында Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісін салу және өнеркәсіптік нысандарды жаңғырту жобалары іске асып жатыр.  Шығыс Қазақстанда әуежай, медициналық мекемелер және жаңа өндірістер салу тоқтаған жоқ. Павлодар облысында да әуежай инфрақұрылымы жаңғыртылып, өнеркәсіптік жобалар жүзеге асыруда. Ал Ұлытау облысында бір уақытта жаңа теміржол желілері, әлеуметтік нысандар салынып, автожолдарды жаңғыртуға басымдық берілді.

Инвестициялық белсенділік дәстүрлі тұрғын үй құрылысының аясынан шығып жатыр. Енді ұзақ мерзімді экономикалық әсері бар жобалардың үлесі артады. Атап айтқанда, көлік дәліздері, өнеркәсіптік инфрақұрылым, инженерлік желілер және өндірістік алаңдар көбейеді. Мұндай инвестициялар кейін экономиканың бәсекеге қабілеттілігін айқындап, бизнес шығындарын азайтады және жаңа кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды.

Бұл үрдіс өңдеу өнеркәсібінің дамуымен де байланысты. Жаңа өндірістер заманауи логистика, инженерлік инфрақұрылым, энергетикалық қуаттар және білікті кадрларды талап етеді. Яғни инвестициялар жекелеген салаға емес, тұтас өндірістік экожүйені қалыптастыруға жұмыс істей бастайды.

Инфрақұрылымдық құрылыс біртіндеп өңірлік дамудың факторына айналып жатыр. Жаңа жолдар, теміржол желілері, әуежайлар және өндірістік нысандар ірі қалалар шегінен тыс жерлерде де экономикалық белсенділік қалыптастырып, елдің көптеген аймағын инвестициялық циклге тартады. Бұл ішкі нарықты кеңейтіп, жаңа экономикалық өсім тетігін қалыптастырады.

Саяси сарапшы, Қазақстан халықтық дипломатия орталығының вице-президенті Виталий Колточниктің пікірінше, еліміз үш дәстүрлі артықшылықты бір арнаға тоғыстыра бір арнаға тоғыстыра білгеніна айтады. Бұл энергетикалық база, Еуропа мен Азия арасындағы географиялық орналасу және көпвекторлы сыртқы саясат.

"Геосаяси тұрақсыз жағдайда мұндай стратегия қосымша мәнге ие. Бүгінде бәсекелестік тек территориялар, шикізат және нарықтар үшін ғана емес, технологиялық егемендік, есептеу қуаттары және цифрлық инфрақұрылымға бақылау үшін де жүріп жатыр. Қазақстан әртүрлі күш орталықтарына ашық бола отырып, халықаралық технологиялық компаниялар, ғылыми орталықтар және цифрлық платформалар үшін бейтарап әрі сенімді алаңға айнала алды. Бұл еллің жауапты орта держава ретіндегі рөліне сәйкес келеді. Біздің ел жаһандық экономиканың фрагментациясына бейімделіп қана қоймай, әртүрлі нарықтар, технологиялық экожүйе және инвестициялық ағындарды тоғыстыратын инфрақұрылым ұсынып отыр", – дейді Виталий Колточник.

Ірі инвестициялық жобалардың әсері бірден байқалмайды, әрине. Инфрақұрылымды салудан жаңа өндірістерді іске қосуға дейін белгілі бір уақыт өтеді. Алайда бірінші жартыжылдықтың өзі бұл үдерістің макроэкономикалық көрсеткіштерге әсер ете бастағанын көрсетеді. Құрылыс, өңдеу, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы бір мезгілде өсіп, тұрақты даму моделін қалыптастырып жатыр. 

Сол себепті, алғашқы жартыжылдықтың басты қорытындысы ретінде жоғары құрылыс қарқыны ғана емес, инвестициялардың экономикадағы рөлінің өзгеруін алға тартуға болады. Олар инфрақұрылымды дамытуға, ішкі өндірісті кеңейтуге және шикізаттық емес сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық беретін ұзақ мерзімді өсім көзіне айналып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу