Осылайша Сәкен Мамаш 6 жылға сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Экс-дипломат енді жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болады.
– Қылмыстық-процестік кодекстің 387-390, 393, 395-398, 401-402-і баптарын басшылыққа ала отырып, сот Мамаш Сәкен Тәшкенбайұлын Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1) тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – деген үкімді оқыды судья Артур Абдыханов.
Қазақстандық дипломаттың әйелі Карина Мамаш бұған дейін әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, оқиғаның жай-жапсарын айтып берген еді.
Ол күйеуін дипломат мәртебесінен айырып, соттауды сұрады.
"Мен Мамаш Карина Госманқызы – БАӘ-дегі елшінің кеңесшісі Мамаш Сәкен Тәшкенбайұлының жұбайымын. 10 жыл бойы зорлық-зомбылыққа ұшырап келемін. Маған көрсеткен бүкіл қорлығы – оның ішінде физикалық, сексуалдық, эмоционалдық, экономикалық, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін күйеуімді дипломат мәртебесінен айырып, түрмеге отырғызғанын қалаймын" деген еді ол бейнеүндеуінде.
Әйел сол уақытта бірнеше күн бұрын Сәкен Мамаш оның БАӘ-ге қонаққа келген үлкен әпкесін де ұрып-соққаны туралы хабар таратқан болатын.