Бұрынғы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин АҚШ-қа кетті. Бұл туралы ол instagram-да жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның жазуынша, АҚШ-та жүргеніне бірнеше күн болған. Сондай-ақ бұл сапарға жоспары көп.
"Мұнда келуіме бірнеше себеп бар. Әрине, кәсіби мәселелерді отбасылық мәселелермен біріктіруге тырысамын. Бұл жолы шағын топ боп келдік - сүйіктім Дина, кенже қызым Бірғаным және мен.
Біріншіден, кез келген кәсіби маман ретінде технологиялық дамудың алдыңғы қатарында болу мен үшін де маңызды. Сол себепті осы күндері Bay Area-да өтетін іс-шараларға қатысамын.
Сондай-ақ біз қызымызға оның жасөспірім өміріндегі қызықты оқиғалардың бірінде қолдау көрсетіп келдік. Кенже қызымыз мектебімен робототехника жарыстарына қатысады. Сәттілік тілеп қояйық.
Дәстүр бойынша Digital Nomads-пен (біздің аймақтың Bay area - да орналасқан IT мамандарымен) кездесіп, түрлі әлеуметтік бастамаларды талқылаймыз. Кездесу біз құрған Silkroad инновациялық хабының қабырғасында өтеді.
Еліміздің Спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы болғандықтан, осы жылдың қыркүйегінде Астанада зияткерлік спортымыздан (спорттық бағдарламалау) Әлем чемпионатының финалын өткізуге қатысты бірнеше ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге барамын. Ол үшін мен ICPC басшысы Билл Поучермен және оның командасымен кездесемін.
Үлкен қызым Аруға өмірінің жаңа кезеңін бастауға көмектесу үшін бірнеше оқу орындарын аралаймын.
Сондай-ақ басқа елдерде цифрландырудың негізін қалыптастыру мәселесін талқылау үшін әртүрлі университеттердің профессорларымен кездесулер өткізуді жоспарлап отырмын. Өйткені Қазақстанның тәжірибесін одан әрі тарату қажет. АҚШ университеттері бұған қызығушылық танытады деп ойлаймын.
Сондай-ақ түрлі қорлармен, компаниялармен кездесулер өтеді.
Жалпы бұл сапарға жоспар көп. Барлығын орындауға мүмкіндігінше тырысамын", - деп жазды ол.