ЭКСПО-2017 ең ірі көрмелердің бірі атануға үмітті

1060

ЭКСПО-2017 ең ірі көрмелердің бірі атануға үмітті

Еліміз ЭКСПО мамандандырылған көрмесіне қатысушы мемлекеттерді көптеп тарта білген үздік үш ұйымдастырушының қатарына енуі ықтимал, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Астана ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясы" АҚ Халықаралық қатысушылармен жұмыс департаментінің басшысы Илья Оразақов отандық тілшілерге берген сұхбатында қазіргі уақытта ЭКСПО-2017 көрмесіне 104 мемлекет қатысатындығын растағандығын атап өтті. Әйтсе де өтініш қабылдау мерзімі әлі аяқталған жоқ, ұлттық компанияның есебі бойынша қатысушылардың саны 110-ға жетуі әбден мүмкін.

"Егер 110 мемлекет қатысатын болса, Қазақстан ЭКСПО мамандандырылған көрмесіне ең көп қатысушы мемлекеттерді тарта білген үздік үш ұйымдастырушының қатарына енеді. Бүгінгі таңда бұл тізімде Португалия көш бастап отыр. Онда ЭКСПО көрмесіне 140 мемлекет қатысты. Екінші орында 121 мемлекет қатысқан қытайлық көрме тұр. Қазақстанның үздік үштікке қосылатын мүмкіндігі бар", - деді И. Оразақов.

Оның сөзіне қарағанда, ЭКСПО-2017 аясында көрменің "Болашақ энергиясы" атты тақырыбына арналған 25 халықаралық конференция өтеді. Көрменің өзі 9-10 маусымда Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы саммитімен ашылады.

"Әр мемлекет ұлттық күндерін өткізуге мүмкіндік алады. Бір жерде жиналған мемлекеттер бір-бірін аралап, мәдениеттерін, ішкі дәстүрлерімен, өмір салтымен танысады. Қазіргі уақытта 93 күнге созылатын көрме аясында өтетін ұлттық күндердің күнтізбесін жасап жатырмыз", - дейді ол.

Қатысушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар "Құндылықтар мен принциптер. Көрменің зияткерлік құндылықтары" атты манифестке қол қоюлары тиіс. Өз кезегінде бұл құжат тарихи маңызға ие болады деп күтілуде.

Еске сала кетейік, ЭКСПО көрмесі Астанада 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін жалғасады. Оған 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. "ЭКСПО-2017" көрмесінің тақырыбы - Болашақ энергиясы". Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге бүкіл әлемнен энерготиімділік, баламалы энергия көздері саласындағы жаңа технологиялар әкелінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу