Экспорт өсімі төлем балансының қазіргі тапшылығын қысқартты

789

9 айдың қорытындысы бойынша, қазіргі төлем балансының тапшылығы өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда, 40,9%-ға қысқарып, (-) 3,0 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл экспорттың айтарлықтай өсуімен байланысты. 

Экспорт өсімі төлем балансының қазіргі тапшылығын қысқартты

Нарықтағы тенденциялар мен экономиканы әртараптандырудың қаншалықты маңызды екенін Төлем балансы департаменті сыртқы секторға анализ жасау басқармасының бастығы Меруерт Алмағамбетова айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz Ұлттық банк сайтына сілтеме жасап

– Экспорт ненің есебінен өскенін айтып бересіз бе?

– 2020 жылғы пандемиядан кейін әлем елдеріндегі өндіріс қалпына келген кезде отын-энергетикалық тауарларға деген әлемдік баға өскендіктен, экспорт жыл басынан бері (2020 жылдың 9 айында +20,6%) ұлғая бастады.

Қазақстан шет елге мұнай, мыс, ферроқорытпа, темірден жасалған, темір және мыс кендерінен шыққан тегіс прокаттар, концентраттар, бидай, мұнай өнімдерін, алюминий, күміс пен цинк өнімдерін көптеп сата бастады.

Солай бола тұра, белгілі бір тауарлар экономиканың өсімін тежеп тұрды. Бұл – уран (0,8 млрд АҚШ долларына дейін 36,9%-ға қысқарды), газ (1,6 млрд АҚШ долларына дейін -20%-ға қысқарды), бағалы металдардың кендері мен концентраттары (0,5 млрд АҚШ долларына дейін -9,0%-ға дейін қысқарды).

Жалпы алғанда, әртараптандыру деңгейі төмен болғанда экспорт әлемдік тауар нарығындағы жағдайға жығылып отырады. Экспорттағы мұнайдың үлесі 51,5%, металл үлесі – 19,1%, газдың үлесі – 3,6%, уранның үлесі – 1,9%-ды құрады.

– Мұнай экспортында қандай тенденциялар көрініс тапты? Біздің қара алтынды көбіне қандай елдер сатып алады?

– Елдердің ОПЕК+ келісімі аясындағы міндетіне, яғни мұнай экспортын төмендету туралы келісіміне қарамастан, қара алтынға деген әлемдік бағаның өсімі мұнай мен газ конденсантының экспортын ұлғайтуға мүмкіндік берді (2020 жылдың 9 айына қарай +19%). Алайда ресми статистикадағы есептің ерекшелігін ескерсек, ІІІ тоқсандағы мұнай бағасының өсімі толығымен ІV тоқсанда байқалады.

Қазақстан мұнайын көбіне Италия (6 млрд АҚШ доллары), Нидерланды (2,8 мдрд АҚШ доллары), Франция (1,7 млрд АҚШ доллары) Үндістан (1,3 млрд АҚШ доллары) мен Қытай (1,2 млрд АҚШ доллары) елдері сатып алады. Біздің мұнайды көп сатып алатын ел бұрынғыдай Италия болып қалды, мұнай экспортының 27% үлесі осы мемлекетке тиесілі. Ал өзге елдер арасында экспорт көлемін арттырған мемлекеттер – Нидерланды (12,6%-ға дейін), Франция (7,7%-ға дейін), Түркия (5,3%-ға дейін), Сингапур (2,8%-ға дейін) және Бруней (2,3%-ға дейін).

– Металл экспортындағы жағдайға тоқталып өтсеңіз?

– Әлемдік сұраныс қалпына келе бастағанда, осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында қара және түсті металл экспорты былтырға қарағанда 54% және 33%-ға, ал 2019 жылғы дағдарысқа дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда сәйкесінше 35% және 27%-ға өсті.

Көбіне-көп Қытай мен БАӘ-ге – мыс, Ресейге, АҚШ пен Жапонияға – темірден жасалған тегіс прокат, Түркия мен Хорватияға – алюминий, Ұлыбританияға – күміс, Қытай мен Ресейге – мырыш экспорты артты.

Ал түсті металды көбіне Қытай елі сатып алса, қара металды Ресей импорттаған. Айта кететін нәрсе, темір кендері мен концентраттар, күкірт, мыс кендері мен концентраттарының сатылымы айтарлықтай өскен соң өзге де экспорттардың өсімі байқалды.

– Ал уран мен газдың экспорты неге төмендеп кетті?

– Шет елге сатылатын уран мен газ көлемі азайып, бұл өз кезегінде тауарлар экспортын ұстап тұруға ықпал етті.

Соңғы он жылда уран қазу деңгейі бойынша әлемде алдыңғы орынға шығып отырған Қазақстанның уран экспорты 2021 жылдың 9 айында 37%-ға төмендеп кетті. Қытайға (-443 млн АҚШ доллары), Үндістанға (-74 млн АҚШ доллары), Франция (-11 млн АҚШ доллары) мен Канадаға (-6 млн АҚШ доллары) экспортталатын радиоактивті элементтер көлемі азайған соң, уран мен газ экспорты да осындай көзге көрінетін деңгейде қысқарды.

Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан уранын Ресей мемлекеті сатып алып отыр (+23,8 млн АҚШ доллары), уран экспортындағы Ресейдің үлесі 21%-дан 37%-ға дейін өсті.

Сондай-ақ газ экспортының азаюындағы тағы бір себеп – елімізде газға деген ішкі сұраныстың артуы болды. Әсіресе, Қытайға экспортталатын газ көлемі едәуір азайған, сондай-ақ Швейцария, Украина, Ауғанстан мен Германияға да шығатын экспорт азайып отыр.

– Ал экспорттың әлемдік тауар нарықтарындағы шоктарға байламды болуын қалай азайтуға болады?

– Ең алдымен экспортты әртараптандыру арқылы.

Экспорттың минералды тауарлар айналасында шоғырлануы шетелдік инвестицияның 56%-ы тау-кен өнеркәсібіне бағытталуымен байланысты. Осы инвестияның 90%-ы шикі мұнай қазу қызметіне және 7%-ы металл кендерін қазу қызметіне салынған.

Соның салдарынан ЖІӨ-дегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі баяу өседі де, тау-кен саласының үлесі алдыңғы орында қала береді.

Осының бәрін ескерсек, Қазақстан экономикасы әлі де болса сыртқы шоктарға, соның ішінде, энергия ресурстарының әлемдік нарығындағы жағдайға байланып отыр. Бұл макроэкономикалық тұрақтылық үшін ұзақмерзімді қауіп туғызады.

Әлемде баламалы энергия көздеріне ауысу тенденциясын байқауға болады. ЕО елдері, яғни біздің мұнайды сатып алатын негізгі елдер климатты қорғау жөніндегі "Жасыл бағыт" бағдарламасын әзірлеп, сол бағдарлама аясында 2026 жылдан бастап көміртегі көп тауарлардың импортына салық салуды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстанның экспортын азайтуы мүмкін. Соның салдарынан макроэкономикалық теңсіздік көбейеді. Сондықтан еліміз сыртқы шоктарға төтеп беруі үшін экономиканы әртараптандыру керек және ол өте маңызды шешім екенін ұмытпау керек.

– Экономика мен экспортты әртараптандыру үшін қандай шаралар қабылданып жатыр және бұл ақша-кредит саясатын тиімді жүзеге асыруда қандай маңызға ие?

– Бұл бағытта Үкімет белгілі бір жұмыстарды қолға алып отыр. Экономиканы қолдау мен әртараптандырудың қазіргі жүйелері реформаланып, мемлекеттік бағдарламалар, жол карталары, салалық ұлттық жобалар әзірленіп жатыр.  

Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – шикізат емес экспорт көлемін екі еселеп, 41 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу, негізгі капиталға салынатын инвестицияны ЖІӨ-нің 30%-на дейін жеткізу, өңдеуші өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемін 1,5 есеге өсіру, экспорттаушыларды сыртқы нарықтар мен халықаралық электронды платформаларға шығару.

Осы мақсаттарға қол жеткізу экономиканы әртараптандыру және одан әрі дамыту тұрғысынан ғана емес, тиімді ақша-кредит саясатын жүргізу тұрғысынан да маңызды болмақ. Орта және ұзақмерзімді перспективада инфляцияны төмен деңгейге жеткізу және оны сол қалпында ұстап тұруға жауапты Ақша-кредит саясатының стратегиясы Үкіметтің экономиканы әртараптандыру туралы жоспарына және шикізатқа жатпайтын экспортты ұлғайту туралы жұмыстарына сүйенеді. Өз кезегінде, шикізат емес экспортты ұлғайту жөніндегі жұмыстар елімізге экспорттан түсетін валюталық табысты арттыруы керек.

– Ал Үкіметтің экономиканы әртараптандыруға қатысты шаралары төлем балансына қалай әсер етеді?

– Қазір экспортты әртараптандыру мен импортты алмастыруға қатысты мемлекеттік шаралардың төлем балансына тигізетін ықпалы бейтарап түрде бағаланып отыр.

Бір жағынан, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру елімізде өндірілетін өнімдердің түрін көбейтеді. Ал ол өз кезегінде не импорт тауарларын алмастырады не экспортты ұлғайтады.

Екінші жағынан, өндірісті кеңейту үшін құрылғылар мен технологияларды сатып алу – айтарлықтай капиталды талап етеді. Ал ол тауарлар мен құрылғылар елде жасалмайтын болса, олар импортталады.

Дегенмен жақсы өзгерістер де бар. Экспорттағы "дайын тауарлардың" үлесі 2011 жылғы 3,7%-дан 2020 жылы 8,2%-ға дейін өскен.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, биыл шетелге 3,5 млрд АҚШ долларына тең дайын тауарлар экспортталған (2020 жылдың 9 айына қарай +25%). Ондай тауарлардың арасында ұн (266 млн АҚШ доллары), автокөлік (127 млн АҚШ доллары), күнбағыс майы (84 млн АҚШ доллары), тыңайтқыштар (83 млн АҚШ доллары), цемент (71 млн АҚШ доллары), аккумуляторлар (64 млн АҚШ доллары), макарон өнімдері (46 млн АҚШ доллары), дәрі-дәрмек (45 млн АҚШ доллары), темекі (40 млн АҚШ доллары) және өзге де тауарлар бар.

– Неге экспорттың артуы теңге бағамының нығаюына әсер ете алмайды?

– Өйткені экспорттан түскен ақшалай табыстың өсуі үнемі ішкі валюталық нарықта валютаның ұсынысын арттыра бермейді. Бұның себебі өнімді бөлу туралы келісім негізінде ірі мұнай-газ кен орындары инвесторлармен бірге әзірленеді. Ішкі валюта нарығында түсетін валюталық табыстың көлемі осы келісімнің шарттарына тәуелді болады.

Уағдаластықтарға сәйкес, экспорттан түскен валюталық түсімдер алдымен инвестордың кен орнын әзірлеуге кететін шығындарын жабады, содан кейін ғана қалған қалдығы шарттағы үлесіне сай жобаға қатысушылар арасында үлестіріледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу