Ел экономикасын әртараптандыру – жай ғана тренд емес

270

Бүгінгі таңда Қазақстанда экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, IT саласын және шағын әрі орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр.  

Ел экономикасын әртараптандыру – жай ғана тренд емес Фото: ЖИ

Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, экономиканың тұрақты дамуына және шикізатқа тәуелділікті азайтуға көмектеседі. Сарапшылар Қазақстан экономикасын әртараптандыру не үшін қажет екенін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Экономист Бауыржан Шурманов қазіргі экономикалық модельге тоқталып өтті.

"Қазақстан экономикасын әртараптандыру – бұл жай ғана тренд емес, еліміздің экономикалық қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімді тұрақтылығының кепілі. Қазіргі экономикалық модельге тоқталсақ, ол әлі де шикізаттық суперциклге және мұнай бағасына тығыз байланған. Жалпы ішкі өнімнің де, бюджет түсімдерінің де айтарлықтай бөлігі ресурстар экспортынан құралады. Бұл модельдің басты тәуекелі – сыртқы шоктарға (мұнай арзандауы, геосаяси санкциялар, логистикалық тізбектердің үзілуі) өте сезімталдығы. Сондықтан әртараптандыру сыртқы құбылмалылықты азайту, сапалы әрі тұрақты жұмыс орындарын құру және шикізатқа байланбаған ұлттық табысты қалыптастыру үшін ауадай қажет", – деді ол.

Осы тұста "Соңғы жылдары экономиканы әртараптандыру бағытында қандай нақты нәтижелерге қол жеткізілді?" деген сұрақ туындайды.

"Соңғы жылдары өңдеуші сектордың ЖІӨ-дегі үлесін арттыру бағытында белгілі бір оң серпін бар. Әсіресе машина жасау (автомобиль құрастыру, локомотивтер мен вагондар өндірісі), металлургия, химия өнеркәсібі және фармацевтика салаларында өсім байқалады. Оған қоса, өңделген және орташа өңделген тауарлар экспортының географиясы кеңейіп келеді", – деп түсіндірді сала маманы.

Бауыржан Шурмановтың айтуынша, мұнай мен шикізат экспортына тәуелділікті түбегейлі азайту үшін қосылған құны жоғары жаңа салаларға басымдық берілуі тиіс.

Біріншіден, бұл – металды терең өңдеу және сирек кездесетін металдардан дайын құрамдас бөліктер шығару. Екіншіден, агроөнеркәсіптік кешен, мұнда шикізатты емес, терең өңделген эко-өнімдерді экспорттауға көшу керек. Үшіншіден, "Солтүстік-Оңтүстік" және "Орталық дәліз" инфрақұрылымын дамыту арқылы транзиттік-логистикалық әлеуетті толық пайдалану. Төртіншіден, IT және цифрлық қызметтер экспортын ұлғайту, деп түсіндірді экономист.

Сарапшы "Өңдеу өнеркәсібін дамытуда негізгі кедергілер қандай?" деген сауалға да пікір білдірді.

"Өңдеу өнеркәсібін дамытуда бірнеше негізгі кедергі бар: инфрақұрылымның (электр энергиясы, логистика) тозуы, банк секторы тарапынан ұзақ әрі арзан кредиттердің тапшылығы және білікті инженерлік-техникалық кадрлардың жеткіліксіздігі. Бұл мәселелерді шешу үшін Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері іске қосылып, салықтық преференциялар мен келісімшарттық кепілдіктер беру практикасы кеңейтілуде", – деп атап өтті Бауыржан Шурманов.

Экономистің сөзінше, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар мен инновациялар экономиканы әртараптандыруда еңбек өнімділігін еселеп арттыратын басты құралға айналады. Қазақстан финтех пен электронды үкімет (eGov) бағытында халықаралық деңгейде жоғары позицияда.

Дегенмен, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын цифрландыру деңгейі әлі де артта. Қазіргі таңда Деректерді өңдеу орталықтарын дамыту, есептеу қуаттарын арттыру және ЖИ-ді реттеудің институционалдық базасын құру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр, деді ол.

"Шағын және орта бизнес – экономикалық икемділік пен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі тірегі. ШОБ-ты дамыту үшін оны тек субсидиялаумен шектелмей, салық жүйесін бизнесті ірілендіруге ынталандыратындай етіп оңтайландыру, әкімшілік кедергілерді азайту және әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету қажет. Алдағы жылдары экономиканың жаңа драйверлеріне тоқталсақ, геосаяси жағдайға байланысты. Логистика және шекарасыз экспорттық мүмкіндігі жоғары IT саласы алдыңғы қатарға шығады. Ауыл шаруашылығы – стратегиялық, ал туризм – нишалық драйвер ретінде дамиды", – деп түсіндіріп өтті сала маманы.

Сарапшы экономиканы әртараптандыру өңірлердің дамуына да тікелей әсер етеді деген пікірде.

"Ол өңірлердің бюджеттік тәуелсіздігін арттырып, ішкі миграциялық қысымды төмендетеді. Қазіргі саясатта әр облыстың ерекшелігін ескеру енді қолға алынып жатыр. Түбегейлі нәтиже үшін аймақтық мамандануды (кластерлеуді) соңына дейін жеткізу қажет: Батыс өңірлерін – мұнай сервисі мен нефтехимияға, Оңтүстікті – агроөнеркәсіп пен жеңіл өнеркәсіпке, Солтүстік пен Орталықты – металлургия, машина жасау мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағыттау маңызды. Ол үшін өңірлерге дербес инвестициялық саясат жүргізуге көбірек бюджеттік және әкімшілік өкілеттік берілуі тиіс", – деді экономист Бауыржан Шурманов.

ЖИ мен цифрландыру – заман талабы

"Біздің экономикалық моделіміз – әлеуметтік нарықтық экономика. Яғни, халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша экономиканы дамыту. Әлемде әртүрлі басқару үлгілері бар. Мысалы, Парсы шығанағындағы кейбір араб елдері – монархиялық мемлекеттер, ал Қазақстан – демократиялық мемлекет. Неге әртараптандыру керек? Себебі егер экономика тек шикізатқа, ауыл шаруашылығына немесе тау-кен өндірісіне байланысты болса, сол салада өсім, кейін дағдарыс болып тұрады.

Мәселен, ауыл шаруашылығына бейімделген елдерде қуаңшылық болып немесе бидайдың бағасы арзандап кетсе, экономикасы құлдырап кетуі мүмкін. Сол сияқты шикізатқа тәуелді мемлекеттерде де дәл сондай. Кезінде біздің экономикамыз жерасты байлығына тәуелді болған еді, жалпы ішкі өнімінің шамамен 20-25 пайызы жер қойнауын пайдалану саласының үлесіне тиесілі болатын. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш шамамен 12 пайызға дейін төмендеді", – деді экономист Сапарбай Жобаев.

Спикердің айтуынша, 2001–2008 жылдары мұнай мен басқа да шикізат бағасының жоғары болуына байланысты бізде жалпы ішкі өнім жақсы өсті.

"Кейін 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы болды да, 2010 жылдан бастап біз бағдарламаларды қабылдадық. Сонда еліміздің даму әлеуеті жоғары жеті негізгі саласы айқындалды. Олар: энергетика; тау-кен өнеркәсібі; машина жасау; химия өнеркәсібі; ауыл шаруашылығы; фармацевтика; тамақ өнеркәсібі. Машина жасау саласында жаңа технологияларды енгізуге, кеңес дәуірінен қалған өндірістік әлеуетті жаңғыртуға, ауыл шаруашылығы техникалары мен басқа да өнеркәсіптік өнімдерді шығаруға басымдық берілді. Химия өнеркәсібінде еліміздегі мол шикізатты тиімді пайдаланып, минералды тыңайтқыштар мен басқа да химиялық өнімдерді өндіруге көңіл бөлінді. Ауыл шаруашылығында кезінде жылына шамамен 15-16 миллион тонна астық өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш 27 миллион тоннаға дейін жетті. Соңғы кезеңде осы бағыттарға көлік-логистика және сауда салалары да қосылды. Оңтүстікте Иран, солтүстікте Ресей санкцияға түсіп қалды да, Қытай мен Еуропа арасындағы сауда орталық жолмен жүруі керек болды. Сол себепті үлкен инвестициялар салып, біз қазір транзиттік көлік саласын бір-екі есеге көбейттік десек болады. Сауда мен құрылыс салалары да соңғы жылдары қарқынды дамып келеді.

Ең соңғы бағыттардың бірі – Президенттің өткен жылғы Жолдауында және биылғы бастамаларында көтерілген жасанды интеллект пен цифрландыру мәселесі. Сондықтан біз 7-9 негізгі саланы қатар дамытуымыз қажет. Осы жерде бір нәрсені қосып өтейін. Меніңше, біз өте жоғары технологияны қажет ететін телевизор, ұялы телефон сияқты өнімдерді жасауға тыраштанудың қажеті жоқ. Мәселен, кезінде Қарағандыда ұшақ шығармақшы болдық, қазір Астанада тікұшақ жасауға әрекет жасалып жатыр. Біздің техникалық әрі технологиялық дайындығымыз әлі жеткіліксіз. Әрине, фармацевтика мен туризмді дамыту керек деп ойлаймын. Олар негізгі бағыттарға жатады", – деді сарапшы.

Экономистің сөзінше, жалпы ішкі өнім тұрғысынан алғанда, ел экономикасы біршама әртараптандырылды.

"Бірақ бюджеттің табысы, Ұлттық қордың түсімдері және халықтың табысы бойынша біз әлі де мұнай-газ саласына біраз тәуелдіміз. Себебі Қазақстан әлемдік мұнай өндірісінің шамамен үш пайызын қамтамасыз етеді. Бұл – өте үлкен үлес. Біз қазіргі таңда мұнайға сұраныс бар кезде табыс табуымыз керек. Республикалық және жергілікті бюджеттердің кірісінің шамамен 50-55 пайызы мұнай-газ және жер қойнауын пайдалану саласынан түседі. Оның бір бөлігі тікелей бюджетке бағытталса, айтарлықтай бөлігі Ұлттық қорға жинақталады. Қазір Ұлттық қорда шамамен 70 миллиард долларға жуық ақша жиналған. Оның инвестициялық табысы мен жаңа түсімдері республикалық бюджет тапшылығын жабуға жұмсалады. Мысалы, биылғы бюджет шығыны шамамен 27 триллион теңге десек, салықтан түсетін кіріс 16-17 триллион теңге ғана. Айырмашылығы 10 триллион теңге көлеміндегі тапшылықтың жартысын осы күнге дейін Ұлттық қордың есебінен жауып келдік. Енді қазір бұл тәуелділікті азайту үшін Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемін қысқарту көзделіп отыр.

Биыл қордан шамамен 3 триллион теңге ғана алу жоспарланған. Сонымен бірге салық реформасы жүргізіліп жатыр. Дегенмен бюджетте әлі де 4-5 триллион теңге көлемінде тапшылық сақталады. Ол ішкі және сыртқы қарыз тарту, облигациялар шығару арқылы жабылады. Сондықтан Ұлттық қорға тәуелділік әлі де бар. Өйткені бұл қордағы қаражаттың басым бөлігі мұнай мен басқа да жер қойнауы байлықтарынан жиналған", – деп атап өтті ол.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту – өте күрделі мәселе, дейді Сапарбай Жобаев.

"Мысалы, машина жасау немесе тұрмыстық техника өндірісін алайық. Қазақстан нарығында шамамен 20,5 миллион ғана сатып алушы бар. Бұл – шағын нарық. Әрине, Еуразиялық экономикалық одақ аясында 180 миллионнан астам тұтынушысы бар ортақ нарықты есепке аламыз. Бірақ Ресей, Беларусь сияқты елдермен дайын, өңделген өнімдер бойынша бәсекеге қабілеттілігіміз әзірге төмен екенін ашық айту керек. Қазіргі геосаяси жағдай олармен бірлескен өндірістерді кеңінен дамытуға мүмкіндік бермей түр. Сондықтан біз Түркия және Қытаймен бірлескен кәсіпорындар құрып, сол елдердің озық технологияларын пайдалану арқылы өңдеу өнеркәсібін дамытуға әрекет салып жатырмыз. Бұл бағыттағы мүмкіндіктеріміз де бар. Біріншіден, энергетика саласы. Электр энергиясы – дайын өнімнің бір түрі. Екіншіден, химия өнеркәсібі. Мұнайды өңдеп бензин және басқа да жанармай түрлерін шығару, минералды тыңайтқыштар өндіру – мұның бәрі өңдеу өнеркәсібіне жатады. Металлургия саласында рельс, вагон және басқа да өнімдер шығаратын зауыттар ашылып жатыр. Мұның бәрі қосылған құны жоғары өнім өндіруге бағытталған", – деді сарапшы.

Бұл мәселені шешудің негізгі жолы – бірлескен кәсіпорындарды көбейту, шетелдің озық технологияларын тарту және тікелей инвестиция көлемін арттыру екені айтылды.

Сапарбай Жобаев жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инновациялар экономиканы әртараптандыруда қандай рөл атқаратынын да айтты. Оның сөзінше, ЖИ мен жаңа инновациялар, цифрландыру – заман талабы.

"Себебі дүние жүзінде бұл үрдіске өте көп көңіл бөлініп жатыр. Бұл негізінен жаңа технологияларды игеруге, жасанды интеллектінің көмегімен еңбек өнімділігін арттыруға, цифрландыру арқылы транспорттық және басқа да мәселелерді тездетуге ықпал етеді", – деп атап өтті экономист.

Шағын және орта бизнес экономиканы түбегейлі өзгерте алмаса да, халықтың басым бөлігін жұмыспен қамтып, өз еңбегімен табыс табуына мүмкіндік береді, деп есептейді спикер.

"Ал егер де біз осы шағын және орта бизнесті дамытпасақ, келеңсіз көріністің бірі – мемлекетке қарап отыратын адамдар көбейіп кетеді. Сол үшін бізде бұл нәрсе бұрыннан айтылып жатыр. Әрине, көпбалалы отбасыларға, жетімдерге жәрдем беру керек. Бірақ бізде мемлекеттік қызметтегілердің өзі де жәрдемге мұқтаж халықтың қатарына қосылып қалған. Осы нәрселерді өзгерту туралы көп айтылады", – деді Сапарбай Жобаев.

Сарапшының сөзінше, әрбір өңірдің өзінің бір ерекшелігі бар.

"Әрбір өңірдің ерекшелігін тауып, соны дамытуға атсалысу қажет. Мысалы, Қызылорда облысын алайық. Ол республикалық бюджеттен субсидия, трансферт алатын өңір деп есептейік. Бізде 20 өңір бар: он жеті облыс және үш мегаполис. Соның тек үшеуі ғана донор, қалған он жетісі республикалық бюджетке тәуелді. Мұның екі түрлі себебі бар. Біріншіден, өңірлердегі кәсіпкерліктің даму деңгейі әртүрлі. Екіншіден, әр өңірдің мүмкіндігіне қарай оны дамыту үшін жергілікті бюджет пен жергілікті экономиканы өздері қалыптастыруға мүмкіндік беру керек", – деді экономист.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу