Елбасы: Ислам банктері активінің көлемі банк секторының 10 пайызын құрауы мүмкін

712

Елбасы: Ислам банктері активінің көлемі банк секторының 10 пайызын құрауы мүмкін

Мемлекет басшысы Ислам қаржысы саласындағы жаһандық сыйлықты (GIFA) тапсыру рәсіміне қатысты. Қазақстан президенті Ислам қаржысы әлемдік қаржы жүйесінің жылдам өсіп келе жатқан индустриясының біріне айналғанын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Ислам қаржысының әлемдегі жылдық айналымы 2 триллион доллардан асып, соңғы 10 жыл ішінде 3 есе өскенін көрсетті. 2020 жылы бұл көрсеткіш 3 триллион долларға жетеді деп болжануда", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгінде ислам қаржы институттарының қызметі мұсылман әлемі елдерімен ғана шектелмейтінін айтты.

"Ислам қаржысы институттарының қызметі Австралия, Ұлыбритания, Үндістан, АҚШ, Франция және Жапония елдерінде де кеңінен қанат жайып келеді. Әлемнің үздік 100 банкінің бірқатары өз құрылымдарында ислам бөлімшелерін ашты. Қазақстан 2009 жылдан бері исламдық қаржыландыруды енгізу жөнінен ТМД мен Орталық Азияда көшбасшы саналады", – деді Қазақстан президенті.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев "Рейтер" агенттігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан 2015 жылы ислам инвестициясы үшін қолайлылығы жағынан 5-орынға ие болғанын атап өтті.

"Бұл рейтингте Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 57 ел бар. "Бостон консалтинг груп" компаниясының зерттеу нәтижелеріне сәйкес исламдық қаржыландыру активтерінің Қазақстандағы әлеуеттік көлемі 2025 жылға қарай 23 миллиард долларға жетуі мүмкін. Осыған байланысты, ислам банктері активінің көлемі барлық банк секторының 10 процентін құрауы мүмкін", – деді мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы ислам қаржысының маңызды бағыты ретінде әлеуметтік жобаларды, білім беру және ағарту шараларын қаржыландыруды атап өтті.

"Қазақстан үшін Ислам даму банкімен жұмыс істеудің маңызы зор. Ол ислам қаржысы мен банкингі индустриясын дамыту ісінде Қазақстанның басты әрі стратегиялық серіктесінің бірі саналады. Бүгінде Банк тобы тартқан займдар есебінен жалпы құны 500 миллион долларға жуық 23 жоба іске асырылды. 900 миллион долларды құрайтын жаңа 12 жобаны іске асыру жоспарланып отыр", – деді Қазақстан президенті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу