Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен 30 маусымда Мәскеу қаласында кездеседі, деп хабарлайды Inbusiness.kz Кремльдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"30 маусымда Мәскеу қаласында РФ президенті Владимир Путин Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу өткізеді. Тараптар Ресей мен Қазақстанның стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын одан әрі дамыту, еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді ілгерілету мәселелерін, сондай-ақ кейбір өзекті халықаралық мәселелерді талқыламақ", – деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев РФ-ның Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен жүздескен еді.
"Біз сіздің қос ел арасындағы стратегиялық серіктестікті, одақтастық қатынастарды дамыту мен нығайтуға қосқан жеке үлесіңізді жоғары бағалаймыз", – деді мемлекет басшысы кездесу барысында.
Әңгіме барысында ол парламенттік дипломатияның мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өткен болатын.
"Бұл Қазақстан мен Ресей Федерациясының ынтымақтастығына толықтай қатысты. Біз үшін достық, ынтымақтастық, одақтастық қатынастар алдыңғы қатарда немесе қазіргі кездегідей айтқанда, басымдыққа ие", – деді Тоқаев.
Табиғат Нұрболат