Елде инфекциялық аурулардың түрлері бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты

242

Медициналық көмекке мұқтаж адамдар үшін қала стационарларында қосымша 195 төсек-орын орналастырылды. 

Елде инфекциялық аурулардың түрлері бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты Фото: ortcom_kz

Еліміздің медициналық ұйымдары штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Су тасқыны қиын болып отырған Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары секілді алты өңірде жедел медициналық көмек қызметтерінің, стационарлардың қабылдау бөлмелерінің және медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының жұмысы күшейтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.

"Іске қосылған 70 эвакуациялық пунктте тәулік бойы дәрігерлер, орта медициналық персонал кезекшілік ететін медициналық посттар орналастырылған. 300-ге жуық медицина қызметкері жұмылдырылған. Су басқан аймақтарда бүгінде дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдердің қоры жеткілікті", - деді ҚР ДСМ ресми өкілі Әйгерім Оразалиева ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Су тасқыны аймақтарынан эвакуацияланған 560 адамның әртүрлі созылмалы аурулары бар. Олар сондай-ақ орналасқан жері бойынша тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Атырау, Құлсары қалаларында денсаулық сақтау саласындағы жағдай тұрақты. Су тасқынына байланысты азаматтар медициналық көмекке жүгінген жоқ, медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеуде. Қостанай қаласында су тасқынынан зардап шеккендер үшін 88 эвакуациялық пункт ашылды. Медициналық көмекке мұқтаж адамдар үшін қала стационарларында қосымша 195 төсек-орын орналастырылды. Батыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупіне байланысты облыстық кардиологиялық орталық ғимаратында емделіп жатқан пациенттер қалалық көпбейінді ауруханаға ауыстырылды.

"Жалпы ел бойынша инфекциялық аурулардың түрлері бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып қалуда. Республика халқының арасында жүргізілетін профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралардың нәтижесінде 42 инфекциялық ауру, оның ішінде: оба, тырысқақ, дифтерия, полиомиелит сібір жарасы, іш сүзегі, құтыру, туляремия, сіреспе аурулары тіркелмеген", - деді спикер.

Сонымен қатар, 26 инфекция азайған. 2024 жылғы ақпанда қаңтармен салыстырғанда қызылшамен сырқаттанушылықтың 33%-ға төмендегенін атап өту маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу