Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазір ел бойынша 103-тен астам түрлі пайдалы қазба және 10 мыңға жуық кен орны мемлекеттік есепке алынған. 2907-ден астам лицензия және 250-ге жуық қатты пайдалы қазбалар бойынша келісім-шарт бар. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде алғаш рет Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенттік және Тақыр-Қалжыр кен орындары мемлекеттік есепке алынды", – деді вице-министр.
Оның айтуынша, қор көлемі 98 тонна алтынға, 36 мың тонна мысқа, 11 миллион тонна марганецке және 1,3 миллион тонна фосфоритке артты.
"Президент тапсырмасы бойынша келесі жылы ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуін 2,2 млн шаршы километрге дейін кеңейту көзделген. Бүгінде екі миллион он төрт мың шаршы километр аумақ зерттеліп отыр. Жыл соңына дейін бұл көлем екі миллион отыз сегіз мың шаршы километрге дейін ұлғайтылатын болады", – деп атап өтті Иран Шархан.