Елден капиталдарды шығаруға бақылау күшейтілмек

646

Депутаттар трансферттік баға белгілеуге бақылауды күшейту туралы заң жобасын мақұлдады.

Елден капиталдарды шығаруға бақылау күшейтілмек Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мемлекет басшысының трансферттік баға белгілеу бойынша бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, заңға тиісті түзетулердің жобасы әзірленді. Заң жобасы экономкалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшыларымен алдын-ала пысықталып, қолдау тапты", - деді заң жобасын таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев

Ведомство басшысы құжаттағы негізгі тұжырымдамалық өзгерістерге тоқталды.

"Біріншіден, нарықтық бағаны анықтау әдістерін қолдануды жетілдіру. Қазіргі уақытта заңда нарықтық бағаны анықтау әдісінің 5 иерархиясы қарастырылған. Мысалға, егер салық төлеуші бесінші әдісті қолдану керек деп санаса, онда ол алдымен алдыңғы төрт әдісті қолдану мүмкін еместігі туралы негіздемелер дайындауы керек. Осыған орай халықаралық мәмілелердің сипатын ескеріп, нақты қай әдісті қолдану керектігі анықталады", - деді ол.

Министрдің айтуынша, бұл шешім салық төлеушінің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

"Екіншіден, нарықтық диапазонды айқындау тетігін енгізу. Қазір баға диапазоны мен рентабельділік, нарықтық бағалардың минималды және максималды мәндерімен айқындалады. Ол нақты бағаларға сәйкес келмеуі мүмкін. Заң жобасында неғұрлым әділ бағаларды белгілеу мақсатында диапазонды тарылту ұсынылады. Бұл халықаралық практикаға сәйкес келеді. Үшіншіден, капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында тараптардың өзара байланыстылығын айқындауды кеңейту. Кейбір ірі салық төлеушілер жасанды делдалдық құрылымдар құрады. Олар өзара байланысты тараптар болып саналмайды да экспортталатын өнімді одан әрі сату кезінде тәуекелдер деңгейі төмен болады", - деді Ерұлан Жамаубаев.

Шикізат өнімдерін сондай "эксклюзивті" трейдерлерге төмендетілген бағамен сату фактілері бар, деп жалғастырды ол.

"Бұл ретте ондай трейдерлер бойынша қаржылық есептілікті алу мүмкін емес. Яғни тексерілетін мәмілелер бойынша жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты елден капиталды алып кету тәуекелі туындайды. Сондықтан өзара байланысты тараптар ұғымын кеңейту ұсынылады", - деді министр.

Бұдан бөлек тауар биржаларында жасалған мәмілелердің трансферттік баға белгілеуі бойынша бақылау жүргізу, есептілікке қойылатын талаптарды жетілдіру ұсынылып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу