Бүгін Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының кәсіподақтар күніне орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Іс-шарада еңбек адамының мүддесін қорғап, кәсіподақ қозғалысын дамытуға үлес қосып жүрген түрлі саладағы кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен белсенділері арнайы марапаттарға ие болды.
Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Париж Олимпиадасының алтын жүлдегері Елдос Сметов, облыс әкімдігі басқармаларының басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіподақ жетекшілері мен белсенділері қатысты.
Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев кәсіподақ мүшелерін төл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Өз кезегінде Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев құттықтау сөзін арнап, облыс көлеміндегі кәсіподақ қозғалысына елеулі үлестерін қосып жүрген кәсіподақ өкілдерін Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен марапаттады. Мерекенің басты оқиғаларының бірі ретінде Олимпиада чемпионы Елдос Сметов "Еңбек озаты" төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар оған "Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігінің "Еңбек даңқы" төсбелгісі табысталды.